Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ұсынылған мемлекеттік марапатты Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев салтанатты жағдайда иелеріне табыс етті.
- Тәуелсіздіктің арқасында тарихы біте қайнасқан, тағдыры ортақ біртұтас халыққа айналдық. Тірлігі жарасқан, бірлігі бағын ашқан елміз. Қазақ халқында «Ынтымақты елдің ырысы мол» деген даналық сөз бар. Бірлігіміздің арқасында қазақ елі күллі әлемге танылып, көк байрағы биікке желбіреді. Тәуелсіздіктің арқасында жолымызды тауып, рухани, мәдени байлығымызды түгендедік. Елбасының «Қазақ даласының бірінен-бірі артық-кемі жоқ» деген әдемі сөзі бар. Отанымыздың дамуына Қазақстанның барлық облысы өз үлесін қосты. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысының жұртшылығы да тәуелсіздік жолында ерен еңбек етті. Сонау 1991 жылдан бері облысымыз өркендеді, экономикамыз біртіндеп дамып, халықтың әл-ауқаты артты. Мәдени-рухани жетістіктерге қол жеткіздік, ұмыт қалған мұрамыз қайта жаңғырды. Осының барлығы ел бірлігінің, ел азаматтарының еңбекқорлығының, отандастарымыздың болашаққа деген нық сенімінің арқасы деп білемін, - деді өңір басшысы.
Сонымен, мемлекеттік марапатқа ие болған батысқазақстандықтардың арасында Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әртісі Сердеш Қажымұратов – «Парасат» орденімен, «Асан-ауыл» ЖШС директоры Бейбіт Батниязов, «Жайық Ет» ЖШС директоры Темірғали Ескендіров және Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Тәжімұқанов – «Құрмет» орденімен, Қазталов ауданындағы «Дорремсервис» ЖШС-ның тракторшы-машинисі Ахат Мұханбеткереев, Жаңақала ауданындағы «Бірлік мал зауыт» ЖШС-ның аға шопаны Қойшыбай Сапаров, Теректі ауданындағы «Прогресс» шаруа қожалығының комбайншысы Александр Челик – ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар азамат «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдеріне, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасына, ҚР Президентінің және Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатына ие болды. Олардың арасында «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болған оралдық еңбек ардагері, белгілі домбырашы Едіге Нәбиев, «Шапағат» медалімен марапатталған Жаңақала ауданындағы ауданаралық сауықтыру ауруханасы оңалту орталығының дәрігері Зәуреш Ғұмарова да бар.
Батыс Қазақстан