Қоғам • 15 Желтоқсан, 2019

«Сәбира Мұхамеджанова атында 560 метр көше бар»: Қаһарман қызға туған жерінде лайықты құрмет көрсетілді ме?

3577 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сол бір қилы кезеңде қазақ қоғамын ғана емес, бүкіл Кеңес Одағын дүр сілкіндірген Желтоқсан көтерілісі жайында сөз қозғалса, ең әуелі сол көтерілістің құрбандары болған Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова, Ләззат Асанова, Кенжегүл Молданазарова және Мырзақұл Әбдіқұлов сынды ержүрек жастарды ерекше құрметпен еске аламыз. Алайда елі үшін, алашының азаттығы жолында жанын құрбан еткен сол қаһармандарға лайықты құрмет көрсетілді ме? «Жиенқұлға келгенде шықпайды үнім» дегендей, бұл сауалға келгенде күмілжитініміз рас. Біздің айтайын дегеніміз, ерлігі ескерусіз қалып келе жатқан Желтоқсан құрбаны, Өскемендегі педагогикалық училищенің 2 курсында оқып жүріп, небары 16 жасында қыршынынан қиылған қазақтың батыр қызы Сәбира Мұхамеджанова жайында.

«Сәбира Мұхамеджанова атында 560 метр көше бар»:  Қаһарман қызға туған жерінде лайықты құрмет көрсетілді ме?

Сәбира Мұхамеджанованың мектептегі, училищедегі өмірі, Желтоқсан оқиғасына қатысты көрген қорлығы, оның отбасының, жақын-жуықтарының тартқан азабы, шеккен мехнаты турасында бұған дейін көп айтылып, көп жазылғандықтан біз бұл тақырыпты тәптіштемеуді жөн көрдік. Біз «Ержүрек қыздың ерлігі неге дұрыс ескерілмей келеді?» деген сұраққа ғана жауап іздеп көруге тырыстық.

«Тас түскен жеріне ауыр» демекші, Сәбираға құрмет, Сәбираға тағзым ең әуелі туған топырағынан, өсіп-өнген мекенінен басталуы керектігі айтпаса да түсінікті шығар. Бұл ретте батыр қыз түлеп ұшқан, оқыған Тарбағатай ауданы, оның ішінде Ақмектеп ауылының азаматтары қолдан келген құрмет-қошеметтерін көрсетіп-ақ жатыр. 2001 жылы Сәбира Мұхамеджановаға «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Биыл Сәбира оқыған Ақмектеп ауылындағы орта мектептің алдына Тәуке ұрпақтарының ұйымдастыруымен қайсар қыздың кеуде мүсіні қойылды. Осы ауданның Ақжар ауылының тумасы, белгілі атбегі, Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты Сержан Омарбековтің Сәбира Мұхамеджанова есімін ұлықтау мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде үстел теннисінен турнир өткізіп келе жатқанын ерекше атап өтуге болады. Тағы бір сүйінішті жаңалық, Тарбағатай ауданының белсенді азаматтары тарапынан Ақмектеп ауылындағы орта мектепті Сәбира есімімен атау жөнінде ұсыныс айтылыпты. «Бұл ұсыныс аудан тарапынан қолдау тауып, жақында облыстық ономастикалық комиссияға жіберілді» дейді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаев.

Ал күйініштісі, Сәбира Мұхамеджанова туып-өскен Ақмектеп ауылындағы батыр қыздың отбасы тұрған үйдің бүгінде қараусыз қалғандығы.

«Бұл үй - Сәбираның өзі тұрған үйі, бұзылғаннан кейін жаңадан салынған. Ауылға келімді-кетімді жұрт «Сәбираның үйі қайсы?» деп сұрағанда көрсеткенге ыңғайсызданасың. Өзі ауылдың тура кіреберісінде тұр. Осы үй жөнделіп, музейге айналса жақсы болар еді» дейді осы ауылдың тұрғыны Мейіржан Темірбеков.

Мәселенің анық-қанығын білейік деп Қарасу ауылының әкімі Шалқар Муслимовке хабарласқанымызда: «Ең әуелі ауылдағы мектепке Сәбира атын беріп алсақ па деп отырмыз. Үйді музейге айналдыру мәселесін сосын қолға аламыз. Мұны «Желтоқсан қорының» жігіттерімен де ақылдасқанбыз», - деген жауап естідік.

Ал Сәбира Мұхамеджанова санаулы студенттік жылдарын өткізген Өскеменде оған қандай құрмет көрсетілді? Білуімізше, өзі оқыған бұрынғы педагогикалық училище, қазіргі Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің сыртына: «Мухамеджанова Сабира Есімбекқызы осы колледжде оқыған. Еліміздің бостандығы мен Тәуелсіздігі үшін құрбан болған. «ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ, 2012 жыл» деген жазу жазылған ескерткіш тақта ілінген. Колледждегі қаһарман қызға қатысты бар белгі – осы.

Колледж басшысы Фархат Құрмановқа хабарласып, «Колледжде Сәбира Мұхамеджановаға қатысты бұдан басқа ештеңе жоқ па?» деп сұрағанымызда: «Мен колледжге директор болып келгенде ескерткіш тақтаның тозып тұрғанын көріп, өз қаражатыма жаңартқыздым. Колледжде Сәбира атындағы арнайы кабинет жоқ. Өйткені, білім саласына қатысы жоқ қой. Бірақ жыл сайын еске алып, атын атап, балаларға айтамыз, тәрбие сағатын өткіземіз» деген жауап алдық.

Сәбира Мұхамеджанова Өскеменде оқыған білім ордасы Амур (орысша Амурская) деп аталатын көшеде орналасқан.

«Осы Амур көшесіне Сәбира Мұхамеджанова есімін беру керек» деген ұсыныстар көптен бері айтылып жүргені белгілі. Сөйтсек, Өскеменде Сәбира Мұхамеджанова есімі берілген көше бар екен. Шынымды айтсам, мұндай көше барын өзім де алғаш рет естіп, таңғалдым. Қайда дейсіз бе, қаланың шет жағында екен. «Бұл көше Ахмер ауылында орналасқан. Ұзындығы – 560 метр. 2012 жылы Өскемен қаласының Меневное ауылдық округі әкімінің шешімімен атаусыз көшелерге атау берген кезде №21 көшеге Сәбира есімі берілген» дейді Өскемен қалалық Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тілдерді дамыту секторының меңгерушісі Бақыт Жансағымқызы.

Желтоқсан құрбаны, қазақтың қайсар қызы Сәбира Мұхамеджановаға туған жері Шығыс Қазақстанда көрсетіліп жатқан құрмет-қошемет осындай әзірге. Әрине, бұған көңілі толмайтын жұрт қатары да аз емес.

«Сәбира қандай құрметке де лайық. Ол көптің бірі емес, Желтоқсаның нағыз құрбаны. Нағыз батыр қыз. Сәбираның жақын-жуықтары да көп қиыншылық көрді. Анасы Сәбира жатақханадан секіріп көз жұмғаннан кейін басы ауырып, есі ауысып кетті. Мен онда Тарбағатайда әкіммін. Маған келіп, жылай беретін, жарықтық! Сөйтіп жүріп өмірден өтті ғой. Сәбираның күйігімен кетті ғой. Сондықтан батыр қызға қазіргі көрсетіліп жатқан құрмет аз, еске алу шараларының аясын кеңейтетін кез жетті» дейді қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков.   

Иә, батыр қызды ұлықтау шаралары алдағы уақытта жалғасын тауып, Өскемендегі кең көшелердің біріне есімі беріліп, ескерткіші де орнатылар деп үміт етеміз.    

 

ӨСКЕМЕН