Ұлттық спорт • 15 Желтоқсан, 2019

Қазақ күресі жаңа кезеңге аяқ басты

728 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ күресінің халықаралық деңгейдегі мәртебесін көтеру ісінде соңғы жылдары қазақ күресінің халықаралық федерациясы толайым табыстарға қол жеткізіп келеді. Соның нәтижесінде спорттың осы түрі бойынша халықаралық турнирлер, әлем және Еуропа чемпионаттары жүйелі түрде өткізіліп жүр. Ал биыл ҚКХФ мұрындық болған қазақ күресінен өткізілген әлем чемпионаты тәуелсізді күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Кеше қазақ күресі бойынша Ақтөбе қаласында жалауы көтерілген әлем чемпионатына 40-тан астам елдің палуандары келіп, белдесуді бастап кетті.

Қазақ күресі жаңа кезеңге аяқ басты

Дүбірлі додада 8 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасу белгіленген. Мұндағы төрешілер алқасының құрамы 20 адамнан тұрады. Оның сегізі таяу және алыс шет елдерден келген қазақ күресін бағалай алатын білгірлер болса, он екісі өз елімізде жасақталған төрешілер. Тағы бір атап өтерлік жайт, Ақтөбеде әлем чемпионатында қазылар алқасының құрамына қазақ күресінің тарихында тұңғыш рет әйел адамның тартылғаны.

Жарыстың бас төрешісі, халықаралық деңгейдегі спорт шебері Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, Ақтөбеде басталған әлем чемпионатында оның жүлдегерлері мен жеңімпаздарына алтын, күміс және қола медальдар тапсырылуымен бірге, ҚКХФ-ның шешіміне сәйкес шынайы шеберлік пен техникалық тұрғыдан өзін-өзі жақсы көрсете білген әдемі әдіс-тәсілдері арқылы жанкүйерлердің қошеметіне бөленген, әрі жеңіске ұмтылыс танытқан палуандарға арнайы аталымдар тағайындалған. Сонымен бірге аталған әлем чемпионатына шеңберінде халықаралық деңгейдегі семинар кеңес өткізіліп, мұнда әділ қазылар алқасы мүшелері мен қазақ күресінің жанашырлары спорттың осы түрінің көкжиегін кеңейту, болашағын барлау және оның халықаралық мәртебесін одан әрі көтеру, сондай-ақ оны келешекте олимпиада ойындарының тізіміне енгізу жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Ақтөбедегі әлем чемпионатының символикасы – қызғалдақпен әрленген. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілгендей, қызғалдақ қазақ даласының баға жетпес табиғи құндылығы мен көркі екені мәлім. Ал чемпионат логотипінің дөңгелек пішіндес болып бедерленуі, жарыстың биік деңгейі мен жаһандық сипатын білдірмек. Сөз соңында халықаралық мәртебені иеленген қазақ күресі ұйымы тек соңғы екі жылдың ішінде екі әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатын ұйымдастыруға бастамашы болғанын айтқымыз келеді.

Әлем чемпионатының ашылу рәсмі кезінде оған әлемнің түпкір-түпкірінен келген палуандар мен төрешілер және қазақ күресінің жанашырларын Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мен Қазақ күресі федерациясының президенті Қанат Бозымбаев құтықтап, оған қатысушылардың бәріне сәт-сапар тілеп, Ақтөбеде әлем чемпионатын өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар туғызылғанын атап көрсетті.

Сондан соң палуандар белдесуі басталып кетті. Кеше 55, 60, 90 және 100 кг салмақтағы палуандар күш сынасып, осы тартыс үстінде жауырыны жерге тимей, техникалық шеберлік үлгісін танытқандар финалға жолдама алды. Бұдан әрі кеше бес салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпиондары анықталып, жеңімпаздар жеңіс тұғырына көтерілді.

Ертең Ақтөбе қаласында өтіп жатқан Әдем чемпионаты одан әрі жалғасады.

 .l

 

АҚТӨБЕ