Президент • 16 Желтоқсан, 2019

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиындағы құттықтау сөзі

1950 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Тұңғыш Президент – Елбасы  Н.Назарбаевтың Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиындағы құттықтау сөзі

Ханымдар мен мырзалар!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемел­ұлы!

Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Біз – талай сынақтарды бастан өткерген халықпыз. Дегенмен, басына бақ дарыған елміз, қайсар бабалардың ұрпағымыз. Ұлы дала елі ғасырлар бойы Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендегені жер жүзіне мәлім.

Біз – ата-бабамыз аманат еткен Үстірт пен Қарт Каспийдің жағасы, Сыр мен Ертістің арасын алып жатқан дархан даланың заңды мұрагеріміз. Қазақтың байтақ жері – бабадан қалған ең асыл қазына. Бұл – қазақ жері.

Атадан балаға мирас болған кең даланы сақтап қалу  оңайға тиген жоқ. Баһадүр халқымыз небір жаугершілік замандарда еркіндік үшін қылыш сермеп, бодан болған қиын кезеңдерде бостандықты аңсап өткені белгілі. Кешегі Алаш арыстарының да игі мұраты –  егемендік еді.

Біз ата-бабаның асыл арманын орындап, осыдан 28 жыл бұрын тәуелсіздіктің іргесін бірге қаладық. Әлем қартасында Қазақстан деген дербес республика, азат ел пайда болды. Ол күндер оңайға соққан жоқ.

Тәуелсіздіктің қиындықтардан басталуы бізді үлкен жауапкершілікке жетеледі. Зауыттар тоқтап, тіршілік тұралап қалғаны ел есінде. Сол ауырт­па­лықтарды бірлік пен татулықтың арқа­сында еңсердік, мемлекетімізді аяққа нық тұрғыздық.

Біз елдігімізді баянды етіп қана қоймай, Қазақстанды әлем мойындаған  мемлекетке айналдыра білдік. Ұлтымыздың сағын сындырып, бағын тайдырған күрделі кезеңдер артта қалып, еліміздің жаңа тарихы – мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталды.

Тәуелсіздік – біздің жолымыздың бастауы ғана. 28 жылда толағай табыс­тарға қол жеткізіп, биік белестерді ба­ғындырып келеміз. Көздеген түпкі мақ­сатымыз – әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына кіру.

Жасалып жатқан игі жұмыстардың бәрі келер ұрпақ үшін екенін мен әрдайым айтып келемін. Бабадан қалған қастерлі жерімізді көздің қарашығындай сақтау, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету ендігі кезекте жастарға аманат!

Біз 1991 жылы 16 желтоқсанда арнайы заң қабылдап, бүкіл әлемге Қазақстан енді тәуелсіз мемлекет еке­нін жарияладық. Бәріміз бірге мемле­кеттілігіміздің негізін қаладық әрі жаңа дәуірдің куәгері болдық.

Бабаларымыздың ғасырлар бойғы аңсарын жүзеге асырудың ұлы құрметі біздің буынның үлесіне тигенін мақтан тұтамын. Олардың ерлігін, осы арманды жүзеге асыру жолында жан қиған әрқайсысын құрмет тұтамыз.

Біз өткенді жадымызда ұстап, болашаққа ұмтыла отырып, осыдан 28 жыл бұрын «Мәңгілік ел» құруға бағыт алдық. Осы жылдар ішінде өзге мемлекеттер ғасырларын сарп еткен жолды жүріп өттік. Халқымыздың ынтымағының арқасында қуатты, тәуелсіз және өркендеуші мемлекет құрдық. Осы жолдың өне бойында мен әрқайсыңыздың, әрбір қазақстандықтың өлшеу­сіз қолдауын сезіндім. Бүгін әрқай­сыңызға да өзімнің ризашы­лығымды жеткізе-
мін.

Тәуелсіздіктің арайлы таңында біз КСРО күйрегеннен кейін мұ­раға қалған атом қаруынан бас тарттық және ең ірі ядролық полигонның бірін жаптық. Біз жаппай қырып-жою
қаруын жоюды және ядролық қа­ру­сыздануды жүйелі түрде жақтап келеміз. Бұл біздің қағидатты ұстанымы-
мыз.

Әрбір мемлекет үшін шекараны делимитациялау мен демаркациялау маңызды мәселе болып саналады. Біз барлық көршісімен шекарасы нақты айқындалған әлемдегі бірден-бір мемлекетпіз.

Тәуелсіздік жылдары біз ашық әрі нарықтық экономика қалыптастырдық. Қазақстан инвестиция тарту жөнінен, экономикасының көлемі бойынша Орталық Азия өңірінің дара көшбасшысы. Біздің халықаралық капитал салымдары нарығындағы бұдан әрі қарайғы жағдайымыз іске қосылған «Астана» халық­аралық қарсы орталығын нығайта түсуге бағытталған.

Біз құрлықтың Шығысы мен Ба­тысын жалғаған көлік дәлізін салу арқылы геосаяси әлеуетімізді іске асырдық. Инфрақұрылымдық және индустриялық даму бағдарламаларын табысты жүзеге асырып келеміз.  Рекордтық мер­зімде салынған жаңа астана бо­лашаққа ұмтылудың симво­лы­на және экономикалық өсім­нің драй­веріне айналды. Қазақ­станның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 мемле­кеттің қатарына кіруі еліміздің айшық­ты табысы болып саналады. Осының бәрі біздің жетістіктеріміздің аз ғана бөлігі.

Тәуелсіз Қазақстанды қалып­тас­тыру нәтижесін халықаралық қо­ғамдастық жоғары бағалап отыр. Бізді бүкіл әлем біледі жә­не құр­мет­тейді. Жаһандық бастама­лары­мыз жан-жақты қолдау табуда. Бі­тім­гер­лік қадамдарымыз бі­р­­қатар мем­лекет­аралық қайшы­лық­ты шешуге және әс­кери қақ­ты­­ғыс­ты тоқтатуға мүм­кін­дік берді.

Достар!

Тәуелсіздік, бұл – халықтың қанаты! Осынау баға жетпес тарту әрбір халықтың маңдайына жазыла бермейді. Тіпті қолы жеткендердің бәрі бірдей оған табысты иелік ете алмайды.

Біз 1991 жылы қанатымызды бай­лаған шырмауды үзіп, еркін самғауға ұмтылдық. Бізді дауылды боранмен қорқытты.  Эко­но­микалық тұралауға, ұлтаралық қақтығысқа ұшырайды деп болжады. Оңай болған жоқ.

Күйреу қаупін тудырған жа­һандық, әлемдік үрдістердің турбулентті ағын­дары бізге де жетті. Бірақ сұрықсыз болжамдар мен сынақтарға қарамастан, барлығына төтеп беріп, нығая түстік! Жаңа биіктерге шығуға дайынбыз!  

Ерік-жігер, сенім және мем­лекет тағдырына деген жауап­кер­шілік ұлтымызды біріктірді. Бүгін біз «Қазақ­стан – 2050» cтратегиясының басты мақсаты – әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына қосылу жолында келе­міз.

Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның жарқын жеңістері мен толағай табыстарының, жаңа тарихының жалғасына айналары сөзсіз. Ол тарихты өркендеп келе жатқан мемлекетте түлеп ұшқан жалынды жастардың жазары хақ. Өскелең ұрпаққа аға буынның өмірлік және кәсіби мол тәжірибесі сеп­тігін тигізеді деп сенемін.

Алдыңғы буынның өкілі ре­тінде менің жастарға айтар тіле­гім бар. Біз сендер жақсы өмір сү­ру үшін барлық жағдайды жа­са­дық. Сондықтан тек қана алға ұм­тылып, биік белестерді бағын­дырыңдар, асқар асуларға тал­пы­ныңдар. Ең бастысы – елі­мізде бірлік, бейбітшілік пен ке­лі­сім­д­і сақтай біліңдер. Бұл – біздің Тә­уел­сіздігіміздің басты же­тістігі және алдағы жеңістері­міздің кепілі.

 Қадірлі қауым!

Мен отыз жыл бойы жас ұрпақтың жарқын болашағы мен ел мүддесі жолында адал қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Бұл – үлкен мәртебе, зор бақыт.

Елім үшін, халқым үшін, Тәуел­сіз Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайын тұрдым. Мем­лекеттілік пен тәуелсіздік сияқты қастерлі құндылықтарды сақтауға тырыстым. Бар күш-қайратымды туған елімнің еңсесін биік ұстауға арнадым. Артымда арқасүйер хал­қымның тұрғаны барлық сынақ­тардан сүрінбей өтуіме ұйытқы болды. Егемендіктің алғашқы сәттерінен бастап Отанымызды өр­кен­детуге, елдігімізді нығайтуға зор үлес қосқан, заманның ауыр жүгін бірге көтерген барша Қазақстан жұрт­шы­лығына шынайы алғысымды білдіре­мін.

Біздің буын дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып, заман өзгеріп жатқан тұсқа тура келді. Осынау күрделі кезеңде халқымыздың бейбіт те берекелі ғұмыр кешуі басты жетістік деп санаймын. Ендігі кезекте осы табыстарды еселей түсу маңызды.

Ел Конституциясына сай жаңа Президент сайланды. Бұл – тарихи кезең. Жаңа ел басының ал­ғаш­қы қадамдары оңай болмай­ды. Еліміз өркендеу жолында іркіл­мей өсіп-өне беруі үшін барлы­ғымыз Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдап, онымен бірге болуымыз керек.

Біз билік сабақтастығын сақ­тай отырып, стратегиялық бағыт-бағдардан ауытқымауға тиіспіз. Себебі біздің ойымыз да бір, мұрат-мақсатымыз да ортақ. Ол – Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайту, елімізді мәңгілік ету.

Әбіш Кекілбайұлы: «Тәуел­сіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауап­­кер­шілік», – деген еді. Ендеше баршаңызды тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында аянбай ең­бек етуге шақырамын. Төл мере­кеміз құтты болсын!

Мемлекеттігіміз мәңгілік болсын!