Бір нәрсе айқын. КСРО Жоғары билігі мемлекеттің стратегиялық саясатына қазақ тәрізді ұлттардың өкілдерін араластырғысы келмеген.
КСРО-ның дәурені жүріп тұрған кезде Дамаск қаласындағы әл-Фараби бабамыздың басына Құран оқып қайтқан қазақ дипломаты Сайлау Батыршаұлы бізбен әңгімесінде айтқандай, Кремль ешқашан сыртқы саясатқа, Сыртқы істер министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің жұмысына басқа ұлттарды араластырмауға тырысты. Кадрлардың басым бөлігі орыстар мен беларусь, украин болып келді. Одақтас республикаларға, тіпті Кеңес Одағының сыртқы саясаты, шет мемлекеттер туралы кітаптар шығаруға рұқсат берілмеген.
– КСРО Сыртқы істер министрлігінде бес мыңнан астам адам жұмыс істеді, соның үш мыңы дипломат еді. Ал сол дипломаттардың ішінде небәрі 8-9 қазақ болды, онда да оларды ең жоғары қызметі кеңесшіге дейін өсіріп, 60 жаста зейнеткерлікке жібереді. Осылайша 70 жылдың ішінде бар болғаны екі-ақ қазақ елші дәрежесіне жетті, оның бірі – елші дәрежесінде Сауд Арабиясында қызмет істеген Нәзір Төреқұлұлы. Ол елге оралғаннан кейін сен мұсылмандыққа беріліп кеттің деп жазаланып, атылып кетті. Екінші елші – Мәлік Фазылов болды. Кеңес кезінде одан басқа қазақтардан бірде-бір елші шыққан жоқ. Бірінші кезекте орыстар, содан кейін украин, беларусь, кавказдықтар болды. Қазақстан бұл жағынан кенжелеп қалды. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Кеңес Одағы кезінде, 1944 жылы Қазақстанда Сыртқы істер министрлігінің құрылуын КСРО-ның БҰҰ-дағы салмағын күшейтуге бағытталған кезекті бір шарасы деп қабылдаған дұрыс, – дейді Сайлау Батыршаұлы.
1960 жылдардың басында Қытай қазақтарының көші басталды: қытайтанушы ғалым Мұрат Әуезов осы бір тарихи оқиғаларды қазақ дипломатиясының тарихымен байланыстыра қарауымызды өтінеді. «Басқаша мүмкін емес. Тарихи құжаттар Мәскеу немесе Бейжің архивтерінде сақталып қалуы әбден мүмкін. Себебі 1944-1960 жылдар арасында Қазақ КСР-нің сыртқы саясатының жан-жақты жұмыс істеуіне мүмкіндіктер болды. Ал халықаралық дипломатия тарихында ұсақ-түйек іс-шараларға дейін хаттама толтырылады», дейді Мұрат Әуезов бізбен әңгімесінде. Бірақ ол орталыққа ұнамады.
1960 жылдардан бастап сыртқы істер министрліктерінің құзыреттері аяқ астынан шектелетіні белгілі болып, Орталық Комитеттің немесе мәдениет, білім-ғылым министрліктерінің сыртқы саясат бөлімі деңгейіне түсірілді. Тіпті 1944 жылы КСРО басшылары бұйрығымен Сыртқы істер министрі болған Төлеген Тәжібаев Алматыдағы жоғары оқу орнының ректоры міндетіне төмендетіліп, Сыртқы істер министрлігі лауазымын қоғамдық жұмыс деңгейінде атқарған.
Сыртқы саясаттағы бұл үнсіздік 1990 жылдарға дейін жалғасты. 1990 жылдардан бастап сырт елдерде жүрген қазақ дипломаттары елге оралып, сыртқы саясатқа бел шешіп араласа бастады. Бұлай деп кесіп айтуымыздың салмақты себебі бар. Осы мақаланы дайындау барысында 1991 жылы қазан айында «Ленинская смена» газетінде жарияланған «БҰҰ-ға мүше болу: Қиял ма, әлде шындық па?» деген мақала назарымызды ерекше аударды. Мақаланың тапсырыспен жазылғаны, «Қазақ КСР-інің БҰҰ-ға мүше болуы – утопия. Сыртқы істер министрі орынбасарының ел атынан бұлай деп мәлімдеуіне негіз жоқ» деп кесіп-пішіп айтылған жайтты мүлдем ұмыттырып жіберуге тырысқаны байқалады. Оған себеп те жоқ емес.
1991 жылдың қазаны – КСРО тағдырына нүкте қойылмаған, КСРО құрамында жүрген кезіміз. Біз мұның себебін сол кезде Сыртқы істер министрінің орынбасары болған Сайлау Батыршаұлынан сұрап-білдік: «Қазақстан тәуелді болатын мемлекет қалмағандықтан ғана өзін тәуелсіз ел деп жариялауға мәжбүр болды» деген пікірмен мүлдем келіспеймін. Себебі 1990-жылдардан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алыс-жақын шетелдерде жүрген қазақ дипломаттарын елге шақыра бастады: Кеңестік дипломатияның мектебінен өткен дипломаттар Қасым-Жомарт Тоқаев, Ерлан Ыдырысов, Болатхан Тайжан, Бағдад Әміреевтер бастаған 11 қазақ дипломаты елге оралды.
Президент Назарбаев Қазақстанның геосаяси мүмкіндігін әлемге таныстыру жайлы шұғыл тапсырма берді. Тәуелсіздік алатынымыз да, БҰҰ-ға мүше болатынымыз да 1990- жылдардың бас кезінде белгілі болған еді.
Тәуелсіздігімізді жариялаған бірер сағат ішінде алыстағы АҚШ-тың, бауыр ел Түркияның бізді тәуелсіз ел деп тануына КСРО мектебінен өткен қазақ дипломаттары көп еңбек етті. Әрине, бұл жұмыстар аса құпия жағдайда жүргізілді. Себебі сын сағаттарда елдің болашағы жолында еңбек еткен ерлерінің есімі белгілі болуы шарт емес еді. Одан бөлек, дипломатия тарихы жариялылықты көтермейді. Сондықтан мен «тәуелсіз қазақ елі дипломатиясының тарихы таза ақ парақтан басталды» деген біржақты пікірлермен келіспеймін», деген дипломат 1991 жылы Кеңес Одағының телеграф агенттігінің тілшісіне (ТАСС) берген сұхбатымен факс арқылы танысуға мүмкіндік берді. Сұхбат БҰҰ мен Қазақ КСР арасындағы байланыстардың алдағы мүмкіндігі туралы сыр шертеді. Мәскеулік тілшінің «Қазақ КСР-і мен АҚШ арасындағы байланыс жайлы не айтасыз? АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Дж. Бейкер Алматыға не үшін келіп кетті?» деген қитұрқылау сұрағына: «АҚШ-тың сыртқы саясат ведомствосы басшысы мен біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыдағы кездесуі әлемнің назарын өзіне аударды. Алдағы уақытта Дж. Бейкер мырза Алматыға тағы келеді. Мен сөз соңында Қазақстанның БҰҰ-ға тәуелсіз ел ретінде мүше атанудың кезі келді. Біз БҰҰ-ға байланысты барлық мәліметтерді Мәскеу арқылы ғана алып отырдық. КСРО халықтық депутаттардың съезінде қабылданған «Одақтық республикалар халықаралық қатынастарға тікелей қатысуға құқылы» деген шешімінен кейін мен Нью-Йоркте Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде БҰҰ-ға ену мәселелерін зерттеп, осы мәселелерге қатысты бірқатар шетелдік делегаттармен пікір алмастым. Жалпы алғанда, Қазақстанның егеменді ел ретінде БҰҰ-ға мүше бола алатынына көз жеткіздім» деп жауап берген.
Дипломаттың бұл жауабы Елбасымен кездесуден кейін берілгені даусыз. Арада 52 күн өткенде, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады.
Қысқа мерзімде сыртқы саясат ведомствосының заңнамалық құжаттары жасалды. 1992 жылы 2 шілдеде «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қазақстан Республикасы елшілігі туралы», «Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті өкілінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» Қазақстан Президентінің Жарлығы шықты.
Ресми деректер тәуелсіздікті жариялауға дайындық – 1990 жылы, Тұңғыш Президентті сайлаған күннен басталғанын айтады. Қазақ дипломаттары сол күннен бастап айдай әлем алдында қазақ елінің инвестициялық тартымдылығын таныту үшін жұмыс жүргізді. Шетел инвесторларының бетін елге бұрған және келісімшарттарға дейін қыруар жұмыстарды атқарған дипломаттарымыздың еңбегі мемлекет тарапынан бағалануы тиіс.
АЛМАТЫ