Руханият • 16 Желтоқсан, 2019

Успен ауданы дәстүрлі әншілерді шақырды

525 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазағы аз, өзге ұлт өкілдері көбірек тұратын ауданда республикалық «Ән мен жырдан ақ шашу» атты дәстүрлі әндер фестивалінің өткені таңқаларлық.

Успен ауданы дәстүрлі әншілерді шақырды

Өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылған ән мен жыр, терме фестиваліне елімізге танымал дәстүрлі әншілер келген.

Олардың арасында  Нұр-Сұлтан қаласынан Күнсұлу Түрікпен, Алматыдан Сәбит Дабыл, Шаттық Уатқан, Қызылордадан Марат Сүгірбай, Көкшетаудан Нәзира Бейсенова, Павлодардан Ербол Айтбаев, Салтанат Қисатова,  Баянауылдың жас әншісі Базарбай Азамат, Успен ауданынан Құрметжан Ербақ, Бөкен Жігер, Жалын Құнанбай, Маңғыстаудан «Мен қазақпын» жобасының жүлдегері, айтулы дәстүрлі әнші Оспан Құлсымақтар бар.  

Фестиваль барысында әншілер өз өңірлерінің мақамына сай екі дәстүрлі ән орындап шықты. 

Фестиваль соңында  облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов қатысушыларға құттықтап, Успен, Железин, Аққулы, Тереңкөл, Шарбақты ауданы әкімдерірінің Алғыс хатын және ақшалай сыйлықтарды табыс етті.

Ауданға келіп, қоныстанған Қытайдан елге оралған қандас бауырларымыз аудандық мәдениет үйінде қызмет етіп  жүрген Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің түлегі Жалын Құнанбай, халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі Ербақ Құрметжан, Қытай еліндегі «Күйтүн» ақындар институтын бітірген Бөкен Жігердің өнерлері әсерлі болды. 

Ал, алғаш рет  өтіп  тұрған  таңқаларлық фестивалді ұйымдастыруда облыстық, аудандық мәдениет бөлімдерінен басқа,  Құрметжан Ербақ, Бөкен Жігер, Жалын Құнанбайлардың  да  үлесі бар екені сөзсіз.

Павлодар облысы,

Успен ауданы

Суретті түсірген: аудандық мәдениет  бөлімі