Спорт • 16 Желтоқсан, 2019

Алматыда дзюдодан Ербол Сыпатаев атындағы турнир аяқталды

649 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жастарды елжандылыққа тәрбиелейтін мұндай жарыстар өсіп келе жатқан ұрпақты жігерлендіреді екен.

Алматыда дзюдодан Ербол Сыпатаев атындағы турнир аяқталды

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Алматы Энергетика және байланыс университетінде студенттер арасында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Ербол Сыпатаев атындағы дзюдодан 7 салмақ дәрежесінде республикалық турнир өткізілді.

Бұл жарысқа Ербол Сыпатаевтың туыстары, үзеңгілес достары, желтоқсаншы қаһармандары қонақ төрінде отырып, күресті тамашалады.

«Бұл турнир басқа турнирлерден өзгеше болды. Тәуелсіздік күні қарсаңында және Желтоқсан құрбаны Ербол Сыпатаевтың атында өтуі, қатысушыларға жауапкершілік жүгін еселеді. Ағалар ерлігімен рухтанған жастар турнирге қатысудың өзін мәртебе санады. Оның үстіне, желтоқсаншы ағалары мен апалары ойынды тамашалап, марапатты да сол кісілер өз қолдарымен табыстады. Біз қалалық  деңгейде  өткізуді жопарлаған едік. Өтініш білдірушілер республиканың түкпір-түкпірінен хабарласа бастады. Нәтижесінде студенттер арасында республикалық турнир етіп өткіздік. Кейбір келіп үлгермей қалғандар жыл сайын дәстүрлі түрде өткізсеңіздер деп тілек айтып жатты», – дейді ұйымдастырушы, Халықаралық «Жанашыр» қорының президенті Жаңыл Әпетова.

Екі күн бойы жалғасқан турнирдің алғашқы күні жігіттеріміз 50  кг, 60 кг, 66 кг салмақ дәрежесі бойынша, ал екінші күні 73 кг, 81 кг, 90 кг және 100 кг-да бақ сынасты. Осы жарыста өздерін көрсету үшін дзюдошылармыз, тіптен Атырау, Орал, Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларынан келген болатын.

«Бұл турнир алдыңғы қатысқандарыма қарағанда өте тартысты болды деп ойлаймын. Жаңа тактикаларды көрдім әрі тренер жарыс басталмай тұрып түсіндірген ережелері бақ сынасу барысында маған қатты көмектесті. Дәл осы жарыстың ерекшелігінің тағы бір себебі: тәуелсіздігіміздің қарсаңында өткізілуі мен Желтоқсан қозғалысының құрбаны Ербол Сыпатаев ағамыздың атында болғаны. Ризамыз!» – дейді турнир жүлдегерлерінің бір Ернұр Қалдыбай.

Бұл турнирде бас төреші болған Исмаилов Арсен және модератор Құсман Бахытжан жарыстың әділ түрде өтуін қатты қадағалады.

7 салмақ дәрежесінде бақ сынасқан турнир жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде зиялы қауым өкілдері мен Желтоқсан қатысушылары өз құттықтау сөздерін айтып, жігіттерге рух беріп, жеңімпаздарға арнайы жүлделер мен сыйлықтарды табыстырды.

Спортшы студенттер өздерінің әлсіз емес екендіктерін дәлелдеп, мұндай жарыстардың көптеп өтуін қалайтындықтарын білдіртті.

Спорттық шара Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры жүзеге асыратын «Патриоттық рух – басты құндылық» жобасы аясында өтті.