Руханият • 17 Желтоқсан, 2019

Оралда VIII «Алтын домбыра» айтысы өтіп жатыр

784 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Тұғыры биік Тәуелсіздік» деген атпен VIII «Алтын домбыра» республикалық айтысының іріктеу кезеңі өтті. Айтыстың алғашқы күні еліміздің әр өңірінен келген 20 ақын он жұп болып айтысты.

Оралда VIII «Алтын домбыра» айтысы өтіп жатыр

«Алтын домбыра» сайысы былтырғы VII «алтын домбыраның» иесі Жансая Мусинаның құрметіне Орал қаласында тұңғыш рет өтіп отыр. «Nur Otan» партиясының қолдауымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынған ақындар айтысы екі күнге, 16-17 желтоқсанға жоспарланған.

Айта кетейік, бұл жолғы «Алтын домбыра» сайысының ұйымдастырылуы ерекше болды. Әсия Беркенова, Әлпия Орманшина, Қаныша Райысова, Дариға Мұштанова, Қуаныш Мақсұтов, Аманжол Әлтаев т.б. айтыс ардагерлері де шақырылып, екі күн бойы айтыс өнерінің өткені мен болашағын саралап, ұсыныс, ой-пікірлерін ортаға салды. Меймандар Оралдың тарихи орындарымен танысып, алдағы аламанға дайындалды.

«Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының кең залында өткен «Алтын домбыра» айтысы жағымды жаңалықпен басталды. Ақындар мен көрермен қауымды мерекемен құттықтаған өңір басшысы Ғали Есқалиев Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығын оқып, айтыс ардагері Жүрсін Ерманның «Парасат» орденімен, ақын Айбек Қалиевтің «Құрмет» орденімен марапатталғанын жеткізді.

Бұл басқосуға «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбав, «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев қатысты. Айтыстың қазылар алқасын ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы басқарып, құрамына Әсия Беркенова, Қойлыбай Асанов, Дариға Мұштанова, Аманжол Әлтаев, Мұхамеджан Тазабек, Жанарбек Әшімжан, Рига Оңаева, Бауыржан Халиолла сынды белгілі ақындар енді.

Сонымен, 16 желтоқсан күні түн ортасына дейін созылған іріктеу сайысында алғашқы жұпта айтысқан Жандарбек Бұлғақов (Нұр-Сұлтан) - 85 ұпай, Жансая Мусина (Орал) -87 ұпай иеленді. Екінші жұптағы Серік Құсанбаев (Өскемен) – 83 алса, оның қарсыласы Айбек Қалиев (Арқалық) – 88 ұпаймен алға шықты. Үшінші жұп иелері Бекзат Асқаров (Нұр-Сұлтан) – 82, Әсем Ережеқызы (Нұр-Сұлтан) – 90 ұпай жинады.

IV жұп: Аспанбек Шұғатаев (Павлодар) – 88, Шұғайып Сезімхан (Алматы) – 85.

V жұп: Қанат Мырзахан (Тараз) – 87, Аруна Керімбек (Ақтөбе) – 84.

VI жұп: Өміржан Көпбосынов (Қарағанды) – 90, Жұлдызай Маратбекқызы (Өскемен) – 82.

VII жұп: Қазірет Бердіхан (Алматы) – 87, Біржан Байтуов (Түркістан) – 86.

VIII жұп: Рүстем Қайыртай (Алматы) – 90, Талғат Мықи (Орал) – 82.

IX жұп: Бауыржан Шермиденұлы (Орал) – 86, Дидар Қамиев (Қарағанды) – 86.

Х жұп: Мұхтар Ниязов (Қызылорда) – 90, Шалқарбай Ізбасаров (Атырау) – 82.

Айтыстың финалдық бәсекесі бүгін, яғни 17 желтоқсан күні сағат 15.00-де «Нұр Отан» залында жалғасады.

 Батыс Қазақстан