Аймақтар • 17 Желтоқсан, 2019

Батыс Қазақстан облысында 5 ауылға табиғи газ жетті

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына қарасты бес ауылға табиғи газ құбыры тартылып, тұрғындар көгілдір отынға қол жеткізді. Айта кетейік, бұл ауылдардың дені округ орталығы емес, бұрынғы кеңшар бөлімшесі болған шағын елдімекендер.

Батыс Қазақстан облысында 5 ауылға табиғи газ жетті

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында от жағып, күл шығару бейнетінен құтылған ауылдар – Талдыапан ауылдық округіне қарасты Талдыапан, Қособа, Қайшақұдық, Сарықұдық және Қараөзен ауылдық округіне қарасты Серік ауылдары. Жыл соңына дейін Көмекші, Көктерек, Оразғали, Жұлдыз ауылдары да көгілдір отын жүйесіне қосылмақ. Бұған қоса, Кішкенешал, Талдықұдық, Кішіталдықұдық, Бейістерек ауылдарына да газ құбырын тарту жұмыстары басталған. Таяу болашақта Көпкүтір, Аққурай, Хайруш, Саралжын, Қызылту, Қаракөл, Сексенбаев, Мереке, Сатыбалды, Ащысай, Жас, Танат, Әбіш, Еламан, Саралжын секілді шағын елдімекендерге көгілдір отын жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайын тұр екен. Бұл жұмыстар жүзег асқан жағдайда аудан халқы түгелге жуық табиғи отынмен қамтылады.

- 28 жыл ішінде еліміздің экономикасы нығайып, халықтың әл-ауқаты артты. Мұның барлығы сіз бен біздің ортақ істеріміздің нәтижесі, зор еңбектің арқасы. Құрметті жерлестер, сіздерді ұлық мереке - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деді тұрғындардың қуанышына ортақтасқан Қазталов ауданының әкімі Альберт Есалиев.

Ауданда «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 489 млн. 227 мың теңге қаржыға 105,1 шақырым желі іске қосылған. Бұл жұмыстарды «ӘлиСервис», «ГазГид» мекемелері сапалы атқарған.

- Ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында біздің алақандай ауылымызға табиғи газ келіп, мәре-сәре болып қуанып жатырмыз. Міне, азаттық туы желбіреген бейбіт елдің ертеңі дәл осылай сәт сайын гүдене беруі керек. Мен барлық жерлестерімді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтай отырып, тұрмыста табиғи газ отынын пайдалануға мүмкіндік жасаған жергілікті басшыларға ауыл тұрғындары атынан ризашылығымды білдіремін, - дейді Серік ауылының тұрғыны Қымбат Абдрахманова.

 Батыс Қазақстан