27 Шілде, 2013

Қиын да болса қажетті шешім

319 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Зейнетақы жүйесін жаңғырту және әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайту жөніндегі заңның қабылдануын 35 жылдан астам отандық құлақ-мұрын-тамақ және жақ-бет-әлпет ауруларына жоғары мамандандырылған диагностикалық-емдік көмек көрсетіп келе жатқан емдеу орны – Алматы қалалық №5 клиникалық ауруханасының ұжымы да талқылады. Оған Алматы қаласы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары Гүлсара Алтынбекова қатысып, көтерілген мәселеге қатысты сауалдарға жауап берді.

Негізі баяндаманы аурухананың бөлім меңгерушісі, медицина ғылым­дарының кандидаты Амангелді Сейітқұлов жасап, бұл мәселенің еліміздің әрбір азаматына қатысы бар екенін айта келе, әйелдердің зейнет жасын ұзарту нормасы мен ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын теңестірудің өзекті тақырыпқа айналып отырғанын, сол себепті зейнетақы жүйесін жаңарту бойынша халық арасында түсіндіру қажеттігін жеткізіп, өз ойын білдірді.

Бүгінде елімізде еңбек етіп жүрген әйел адамдардың саны жыл сайын артып келеді, деді жиында балалар жақ-бет аймағы бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмағанов. Дүние жүзінде 58 жастағы адамдар орта буынға жатады. Бұл көрсеткіш денсаулық, әлеуметтік, экономикалық, тұрмыстық жағынан қарағанда, адамның ең жоғары дамыған кезі деп есептеледі. Сондықтан осы жаста еңбек ету еліміздің және отбасының тұрмыс жағдайын жақсартуға әсер етеді деп ойлаймын.

Талқылау барысында, әсіресе, осы ау­ру­ханада 21 жыл аға медбике бо­лып жұмыс жасап, осыдан бес жыл бұрын зейнетке шыққан Сәуле Ақжанованың сөзі көкейге қонымды шықты. Зейнетақы реформасы бүгінгі таңда керек деп есептеймін, деді Сәуле Кәрімқызы. Әрине, қай реформаның да өзінің артықшылығы мен кемшіліктері болады. Бірақ, мемлекетіміздің өсуі, дамуы жағынан қарағанда, бұл реформа еліміздің экономикасына өте маңызды және қолайлы. 58-63 жасқа дейінгі бес жылдың ішінде жинақтаған ақшамыз көбейеді. Әсіресе, заң зейнетақы жүйесін жаңғыртуға ыңғайлы. Көптеген әйелдер зейнеткер болғанмен жұмыс істеп жүр. Мысалы, біздің ауруханада оннан астам қызметкер әлі күнге дейін ұжымға өз үлестерін қосып, жас мамандарға тәжірибелерін үйретіп, медицина қызметкерлерінің абыройын түсірмей келе жатқан абзал жандар.

Сондай-ақ, Алматы қаласының штаттан тыс оториноларитологы Гүлнәр Уалиева, т.б. шығып, өз ойларын ортаға салды.

Жиынды қорытқан Гүлсара Алтынбекова заң қабылданғанмен, әлі де халықтың арасында насихат жұмыстарын жүргізу керектігін алға тартты.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».