Аймақтар • 17 Желтоқсан, 2019

Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркі журналистерді жаңа бағдарламасымен таныстырды

547 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматының мәдени өмірінде Қазақ мемлекеттік циркінің орны бөлек, өнері – өзгеше. Бүгінде Қазақ мемлекеттік циркінің құрылғанына 50 жыл толып отыр.

Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркі журналистерді жаңа бағдарламасымен таныстырды

Сонымен бұған дейін Қазақ циркі «Ер Төстік» бағдарламасын әзірлеп, кішкентай көрермендерінің риясыз қошеметіне бөленген болатын

«Цирк өнері де ел өмірінің бір бөлшегі. Соңғы уақытта рухани жаңғыру деген сөзді көп айтамыз. Бұл бағдарлама біздің жаңа идеяларымызға түрткі болды. Нәтижесінде цирк «Ер Төстікті» оятып, жаңа қырынан жаңғыртты. Лазерлік шоудың күшімен зұлымдық пен қайырымдылықтың арасындағы тартысты көрсетуге қол жеткіздік деп ойлаймын», – деген болатын «Қазақ мемлекеттік циркі» КМҚК директоры Бақыт Бөкебаев.

Ал бүгін сол Қазақ мемлекеттік циркінің өнерпаз ұжымы Теодор Амадей Гофманның «Щелкунчик және Тышқан патшасы» ертегісінің желісі бойынша қойылатын мерекелік бағдарламаларын бастайды.

2019 жылдың 17 желтоқсаны мен 2020 жылдың 12 қаңтар аралығында жүретін «Щелкунчик және Мышильда» бағдарламасы балаларды ғана емес, ересектерді де ертегілер әлеміне саяхат шектіретіні сөзсіз.

Жаңа бағдарлама аты айтып тұрғандай, Петр Ильич Чайковскийдің «Щелкунчик» атты атақты балетінің музыкасы негізінде қойылады.

Дроссельмейер, Щелкунчик, Мари, Фриц, Мышильда, тышқан патшасы, Аяз ата, Ақшақар атты кейіпкерлерді бұл жолы әуе гимнастары, акробаттар, эквилибристер орындайды. Үйретілген жануарлар мен белгілі клоунесса Оксана Нескладнаяның ең эксклюзивті репризаларын (Үлкен Мәскеу циркі, Мәскеу қаласы) да орнымен табуға болады.

Ғажайып қөріністерді Қазақ мемлекеттік циркінің әйгілі балет тобы  сүйемелдейді. 

Цирктің жаңа бағдарламасы, театр, музыка және хореографиялық өнерлердің үздік дәстүрлерінің жиынтығы. Шығармашылық топ тек қана көрерменнің көңіл-күйін  көтеру ғана көздемейді, сонымен қатар бұл қойылымның тәрбиелік мәні де зор. Арнайы осы бағдарламаға  арнап, жаңа цирктік номерлер қойылды, музыка жазылды, жаңа костюмдер тігіліп, реквизиттар дайындалды.

Бағдарлама үлкен ауқымдағы лазерлік шоумен қамтылған.

Бүгін Алматының мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға орай, «Қазақ мемлекеттік циркі» КМҚК директоры Бақыт Бөкебаев, қоюшы-режиссер Марина Редько, Халықаралық фестивальдерінің лауреаты және жеңімпазы цирк өнерінің артисі клоунесса Оксана Нескладная, «Белдіктегі әуе гимнастары» номерінің жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Құрманғали Досбатыров және жас дебютант (4 жас), әуе гимнасты, Досбатыров цирк әулетінің өкілі Данат Досбатыров, «Номад» Атты-акробатикалық номерінің артисі Марйам Сатаева, Халықаралық цирк өнері фестивальдердің лауреаты, әуе гимнасты Анастасия Демидовалар журналистермен кездесіп, сұқбаттасты.