Аймақтар • 17 Желтоқсан, 2019

Тараздық тұрғындардың талап-тілегі орындалады

265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тараз қаласындағы қордаланған мәселелерді уақыт созбай шешу үшін түбегейлі зерделеу мен жүйелі жоспар қажет. Жергілікті тұрғындардың да тілегі осы. Бұл орайда жергілікті биліктің оң шешім қабылдауы және жұмысты жүйелі жүргізуі көпшіліктің мәселесінің жедел шешілуіне ықпал етері анық. Жамбыл облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметов партияның Тараз қалалық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, қабылдауға келген  тұрғындардың тілек-өтініштеріне назар аударды. 

Тараздық тұрғындардың талап-тілегі орындалады

Қабылдауға келген Тараз қаласының тұрғыны, зейнеткер Назым Нұрбаева өзі тұратын Заводская көшесінің 2-бұрылысын жарықтандыру мәселесін көтерді. Бұл орайда Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров аталған көшенің келесі жылы толығымен жарықтандырылатынын жеткізді. Өз сөзінде Асқар Мырзахметов түгендеу барысында қала бойынша 700-ден астам көше-бұрылыстардың анықталғанын, жалпы шаһардағы 1500 көшеге зерделеу ұйымдастырып, толығымен жарықтандыру шараларын уақыт созбай орындаудың маңыздылығына тоқталды.

Ол үшін Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қаралабаевқа нақты міндеттер жүктеп, ең әуелі тұрғындардың аса алаңдаушылығын туғызып отырған осындай түйінді түйткілдерді оңынан тарқатуға күш салу керектігін ескертті. Бұл бағыттағы  жұмыстарды оңтайландыру арқылы аз уақытта атқарудың жолдарын қарастыру керектігін айтты.

Ал, Қалдыкүл Досжанова қаладағы «Қаратау» шағын ауданындағы  №32 көпқабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеуден қашан өтетінін сұрады. Әкім келесі жылы шаһардағы 80 үй жаңғыртудан өтетінін тілге тиек етіп, аталған тұрғын үй де сол тізімде бар екенін айтты. Аталған көпқабатты тұрғын үй маңындағы ағын су жүйесінің мәселесіне де айрықша көңіл бөлген облыс әкімі қаладағы барлық су жүйелерінің тазалығын барлау керектігін  тапсырды.  Сондай-ақ, қабылдауға келген көпбалалы ана Шәкен Ахметжанова  өзінің 2010 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтты. Бүгінде аталған тізімде ол 33-болып тұр екен. Нәтижесінде көпбалалы ана ағымдағы жылдың соңына дейін бірқатар тараздықтармен бірге қоныс тойын тойлайтын болды. Оған жуық арада арендалық негіздегі пәтер кілті табысталады.

Қабылдауға жазылған өзге тұрғындар  мектеп оқушыларының тасымалы, жұмысқа орналасу секілді мәселелерді көтерді. Ол бойынша әкім тиісті басшыларға нақты хаттамалық тапсырмалар жүктеді. Ал, Талант Нұрғожаевтың Тәжік-Ауған шекарасында құрбан болған бес жауынгерге ескерткіш орнату ұсынысы да қолдауға ие болды. Асқар Мырзахметов аталған шекарада әскери борышын өтеген 700-ден астам жамбылдықтың бар екенін ескеріп, аталған ұсыныс ескерусіз қалмайтынын, ескерткішті «Жеңіс» саябағынан ашу жұмыстары жүргізілетін жеткізді.  

 Жамбыл облысы