Аға газетімізге шыққан Парламент Мәжілісінің депутаты Рамазан Сәрпеков «Қазақы тәрбие қасиеті» деп аталатын мақаласын оқып шықтым. Үлкен ойға қалдым. Ел ағасының әріден тартып айтқан ақылды әңгімесі көкейіңізге құп ұялайды, көкжиегі кең қиялға жетелейді.
Баяғыда бір құрдасым айтып еді: «Мен жыласам – өзге жұрт өксігін баса алмас еді» деп. Сол айтқандай, бәрі рас – бүгінгі қала жастарының ана тілімізді үйренуге құлқы жоқ... бейбас жүрісті... уақытын текке өткізеді... үлкеннің сөзін қаперге алмайды... ел ағасының зар кешіп төгілдірген сырын «Мың бір түннің» әңгімесіндей мың бетке жалғап соза түсуге болар еді. Бүгінгі келеңсіз әдет-ғұрып, сырттан келген жылтыраққа әуестену, ойланбай сөйлеу, ойсыз жүру, өмір атты қыл көпірден тайып кетуге болатындай жөнсіз қылыққа бару – қадам басқан сайын жиі кездеседі. Өкінеміз, өкініп отырып өксіп тұрып жылағымыз келеді. Қолымыздан келгенше қыл көпірден тайып бара жатқан әлгі жастың бетін жарық жаққа бұрып жібергіміз келеді. Жақсы кісілерге салыса жүруге шақырамыз. Жақсыдан үйрен, қылықты жүр, ұятты ұмытпа, еңбекке бейім бол, ұлтыңды ұлықтай біл дейміз!
Мақалада көтерілген ой көптен көкейімізде жүргені рас. Білген соң, көрген соң, сезген соң – күйіп сөйлеген секілді. Өз басым не нәрсеге болсын күйіп сөйлегенді, қай жайтқа арналмасын – күйіп-жанып істегенді ұнатамын. Альбер Камюдің «Немқұрайды» атты романының кейіпкері секілді дүниеге, маңайдағы құжынаған өмірге жәй жүрген немқұрайдының, өзімшілдің көзімен емес; осы елге, туысқан халқымызға күйіп-жанып сыр ашқаны тәнті етеді Сәрпековтың!
Дүкенбай ДОСЖАН,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.