Осы жиында айтылғандай, сауда секторындағы ендігі дау дүкендердегі кассадан туатыны аңғарылып қалды. Бұл бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан, пісіп-жетілген мәселе екені белгілі. Кассалық аппараттарды ауыстыру туралы әңгіме 2016 жылы басталған-ды. Қаржы министрлігінің «Қазақстан Республикасы аумағында салық төлеушілер есеп айырысу кезінде тіркеу немесе мәліметтерді беру функциясы бар бақылау-кассалық аппараттарды қолданатын қызмет түрлерін бекіту» туралы №206 бұйрығы да сол жылы жарияланды. Бұл құжат салық органдары белгілеген 10 қызмет түрін көрсетумен айналысатын кәсіпкерлерге бұрынғы кассалық аппаратын қазіргі онлайн кассалық аппаратқа ауыстыруды міндеттейді. Бірақ кәсіпкерлермен арадағы ұзақ келіссөздерден кейін тапсырма кезең-кезеңімен орындалады деп мәмілеге келген еді.
Үкіметтің байламы бойынша, бақылау кассасын енгізу қолма-қол есеп айырысуды нақты уақыт режімінде қашықтан бақылауды қамтамасыз ететін көрінеді. Салық қызметкерлері есеп беру мерзімін күтпей-ақ, кәсіпкердің табысы мен ол декларациялайтын кірісті үнемі салыстырып отырады. Деректерді жіберу функциясы бар кассалық бақылау машиналарын (КБМ) енгізу арқылы кәсіпкерлердің кірісін азайтып көрсету немесе жасырып қалуының алдын алып, қазынаға түсетін салықтың көлемін арттыруға болады. Дәл осындай кассалық аппараттарды орнатудың нәтижесінде 2018 жылы бюджетке қосымша 14,1 млрд теңге түсіпті.
Арада үш жыл өткенде Үкімет бұл мәселеге қайта оралып, 2020 жылдан бастап жаңалықты жалпыға бірдей міндеттеуге шешім қабылдап отыр. 2019 жылы 16 тамыз күні Қаржы министрлігінің «Қазақстан Республикасы аумағында салық төлеушілер есеп айырысу кезінде тіркеу немесе мәліметтерді беру функциясы бар бақылау-кассалық аппараттарды қолданатын қызмет түрлерін бекіту» туралы №206 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сөйтіп келер жылдан бастап үш деңгейлі бақылау аппараттары іске қосылатын болды. Онлайн кассалық аппараты операцияларды сол мезетте Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитетіндегі серверге жеткізіп отырады. Енді кәсіпкерге бақылау-кассалық аппаратын пайдаланудан өзге жол жоқ. 2020 жылдан кейін бақылау-кассалық аппаратын сатып алып, оны мемлекеттік кірістер органдарына тіркемеген кәсіпкерге 7-25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал кәсіпкерлер болса, бұл бұйрықты орындауға ШОБ немесе ұсақ дүкен иелері дайын еместігін айтып, тағы да ес жиып алу үшін өтпелі кезең сұрап отыр.
Бастамашыл топ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, барлық кәсіпкерлерге кассалық аппараттарды жаңасына ауыстыру, POS-терминалдар орнату қажеттілігіне байланысты заңнаманы жемқорлыққа қатысты тексеруді өтініп отыр. «Кәсіпкерлер жаңа бақылау-кассалық машиналар мен POS-терминалдардың құны үшін 39 миллиард теңге, патент қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің қысқаруымен кәсіпкерлерге салынатын салық жүктемесі 29 пайызға артады» делінген кәсіпкерлер Мемлекет басшысы атына жазған ашық хатта.
«Бухгалтерлік есеп» компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев осы мәселеге қатысты бізбен әңгімесінде мұндай жағдайда қолайлы салық режімімен қамтамасыз ету туралы әңгіме қозғаудың өзі мүмкін емес екенін айтты. Оның пікірінше, патенттен бас тартуға әлі ерте, ал кәсіпкерлерге өтпелі кезең қажет.
«Біз қолданыстағы салық жүйесін қазіргі күйінде қалдыра тұру, оларды онлайн режімдегі KKM және POS-терминалдарын пайдалану қажеттігінен босату, 2023 жылға қарай шағын бизнес және сауда кәсіпкерлеріне арналған арнайы режімдер туралы заңнаманы әзірлеуді сұраймыз» дейді М.Барышев.
Қазір кәсіпкерлер арасында онлайн-кассалық машиналар мен POS-терминалдарға көшу туралы ереже бюджетті толтыру үшін енгізілді, ол азаматтардың мүддесін емес, белгілі бір компаниялардың мүддесін қорғайды деген пікір жиі айтылып жүр. Сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті Нұрсадық Әбішевтің сөзіне қарағанда, бұлай ойлауға негіз бар.
«Бұл өзгертулердің мақсаты – кассалық машиналар мен POS-терминалдарды мүмкіндігінше көп сату. Бірақ біз үлкен бизнес туралы емес, шағын бизнес туралы айтып отырмыз. Бәсекелестік күшейіп келеді. Олардың қажетті тауарларды сатып алуға мүмкіндігі жоқ» дейді Н.Әбішев.
Шағын кәсіп иелері бөлшек саудада патентті пайдалану мүмкіндігін уақытша болса да сақтап қалғысы келеді. Олар көптен бері көтеріліп жүрген оңтайландырылған салық тәртібін енгізу бұл салада табыс тауып, отбасын асырап отырған сегмент үшін ауыр тиеді дегеннен танбай отыр.
«Қазақстанның тікелей сауда-саттық қауымдастығы» атқарушы директоры Анастасия Калашникованың айтуынша, сауда сегментіне 1 млн 385 мың адам тартылған. Бұл халықтың 16%-ы. Олардың ауқымын инстаграм желісі арқылы торт сататын қыздардан бастап елдің сауда үйлеріндегі люкс бутиктерінің иелеріне дейінгі кәсіпкерлер құрап отыр.
Қазақстанның тікелей сауда қауымдастығының атқарушы директоры Анастасия Калашникова «Саудада жүрген бизнес өкілдері үшін барлығына бірдей жаңа кассалық аппараттар сатып алғызу салықтан табыс түсімдерін арттыру үшін емес, жеке біреудің қалтасы үшін жасалып отырғандай әсер қалдырады» деген пікірде. Оның айтуынша, жыл сайын бизнес құрылымына кассалық аппараттар сатып алу туралы заңға өзгерістер енгізіледі. «Шағын саудада жүрген кәсіпкердің орташа жылдық табысы – 8 млн теңге. Оны 12 айға шаққанда 700 мың теңгеден шығады. Оның ішінен ай сайынғы салықтық ауыртпалықтар мен өзге де мемлекеттік шығындарды есептегенде, таза пайдасы 170 мың теңгеден аспайды. Біз мұндай сауалдаманы 2 мың шағын кәсіпкердің арасында жүргіздік», дейді А.Калашникова.
Осыған дейін мемлекет жеке кәсіпкерлердің жаңа онлайн-бақылау-кассалық машиналары үшін шығындарын өтейтінін хабарлаған болатын. Бұл ұсыныс әлі күшінде. Тиісті түзетулер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына енгізіліп, оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Бұл құжат бойынша белгілі бір мерзімде салық мөлшері кем дегенде 60 мың теңге шамасында болса, онда осы сомадан кассалық аппараттың құны шегеріліп отырады. Үкіметтің экономикалық блогы кассалық аппаратты сатып алу үшін 60 мың теңге көлемінде өтемақы енгізуді жоспарлап отыр.
Республикалық кәсіпкерлерге көмек көрсету орталығының директоры Дмитрий Казанцев бізбен әңгімесінде өтемақы шарттарының қалыпты және заң шеңберінде жүзеге асатынын, табыс салығы есебінен касса аппаратының құнын шығарып беретінін айтты. Айта кетейік, мемлекеттік кірістер комитеті жаңа жүйені «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алды. Мұндағы мақсат – кәсіпкерлерді онлайн режімде жұмыс істету арқылы кассалық аппараттан өтетін барлық операцияларды бақылап отыру, яғни заңсыз ақша айналымының алдын алу.
Сарапшылар цифрлы технологияның мүмкіндігі қарқынды дамып жатқанын ескере отырып, болашақта онлайн-кассалық аппараттардың да, дүкендегі сатушының да керегі болмай қалуы мүмкін екенін ескертеді. 2019 жылдың қаңтар айында атақты Amazon компаниясы сатушысы, кассалық аппараты жоқ дүкендер желісін іске қосқаны осының бір мысалы ғана. Бұған дейін компания қызметкерлері аталған жүйені қанатқақты режімде талай рет сынақтан өткізген-ді.
Елімізде 30 мыңға жуық компания жаңа кассаға көшуі керек. Осы жоспар орындалса, қазынаға салықтан түсетін қаржы он есеге дейін артуы мүмкін. Ал ережені бұзғандарға айыппұл салынады. Үкімет әзірге ешкімді жазалаған жоқ. Жыл соңына дейін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан кәсіпкерлердің онлайн кассаға толықтай ауысуына әлі уақыт бар.
АЛМАТЫ