Қоғам • 19 Желтоқсан, 2019

Сауда-саттық пен сауық-сайран

494 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда Finprom.kz сайты бірқатар статистиканы жариялағаны бар. Біздің назарымызға екі дерек ілінді. Екеуінің де астарына үңілсек, қазақ қоғамының кәсіпке деген көзқарасын, біздегі кәсіптің даму бағытын, нарықтағы бағаның құбылуын, тіпті қазақ қоғамының бүгінгі сұранысын, тірек етер құндылығын көрсетеді. Ал әлгі деректерге тоқталар болсақ, бірі еліміздегі қонақүйлер мен шипажайлар санының өскенін, екіншісі көңіл көтеру мен өнер саласына салынған инвестиция көлемінің артқанын көрсететін мәліметтер. Әрине «өсім бар» дегенді естігенде экономиканың осынау салалары дамып жатыр екен деп қуанып қалуыңыз мүмкін. Бірақ бұл деректер біздің кәсіпкерлікке қатысты ұстанымымызда өндірістен гөрі қызмет көрсетуге көбірек көңіл бөлетінімізді әрі қоғамда бұл салалардың дамуына ыңғайлы жағдайдың қалыптасып отырғанын байқатады. Тіпті бұл деректер өндіріске бейім сананың қалыптаспағанына да нақты дәлел болады.

Сауда-саттық пен сауық-сайран

Сонымен әлгі мәліметтерді тарқатсақ. Әуелі көңіл көтеру мен өнер саласына тартылған инвестиция көлемі бір жарым есе өсіпті. Сөйтіп биылғы тоғыз айда салаға құйылған инвестиция көлемі 119 млрд теңгеге жетсе керек. Бұл дегеніңіз былтырғы осы кездегі көрсеткіштен 53 пайызға көп. Ал қонақүйлер мен демалыс үйлеріне қатысты мәліметтерге келсек, биыл олардың да қарасы молайыпты. Былтыр елімізде туристерді қабылдауға арналған 3,16 мың қонақүй, мотель, санаторий, пансионат және өзге де орындар болса, биыл олардың саны 3,5 мыңға жетіпті. Алайда қонақүйлердің қызмет көрсету құны орташа есеппен алғанда 12, санаторийлердің қызметі 7 пайызға қымбаттапты. Алайда осы қонақүй мен қоғамдық тамақтану саласы болып есептелетін HoReCa бағытына жұмсалған инвестиция көлемі 40 пайызға төмендеген.

Енді осы екі деректің бір-біріне қатысы қандай болуы мүмкін, соған тоқталайық. Біздіңше, екі саланың дамуына қатысты деректер еліміздегі кәсіпкерлік пен бұқараның көңіл күй деңгейін сипаттап тұрғандай көрінеді. Біз айтқан «көңіл көтеру мен өнер саласына салынған инвестиция» дегеніміз кәдімгі ойынханадан бастап, тойханаларға, түнгі клубтарға, әзіл-сықақ театрлары тәрізді мекемелерге салынған қаржы екені анық. Қолындағы қаржысын дәстүрлі ән мектебін ашуға, қолөнерді дамытуға жұмсап жатқан кәсіпкер ел ішінде сирек кездеседі. Әрі әлгі қонақүйлер мен демалыс орындарының да қызмет көрсету саласына кіретінін ескерсек, қазақ бизнесі нақты өнім өндіруге дағдыланбағанын байқаймыз. Яғни кәсіптің жеңілдеу түріне әуеспіз. Әрине, біздің кәсіпке деген ұстанымымызда не себепті қызмет көрсету алдыңғы қатарда тұратынын дөп басып айту қиын. Бәлкім шығыстағы көршінің ұсақ-түйек заттары мен тұрмысқа қажет керек-жарақтарды тым арзанға һәм молынан өндіріп, біздің нарыққа енгізуі санамызда «қытаймен бәсекелесіп жарытпаспыз» деген ой қалыптастырды ма, кім білсін?! Әлде нақты зат өндірудің азды-көпті қиындығынан қашамыз ба? Әйтеуір, қазақтың кәсіпкерлігінде қызмет көрсету алдыңғы қатарда тұрады.

Біз сөз басында айтқан ойын-сауық пен көңіл көтеру саласына инвестиция салуға және қонақүй бизнесіне қайта оралсақ. Бұл екеуінің біз үшін тәуір кәсіпке айналғанын айттық. Осы тұста нарықтағы сұраныс мәселесіне де көңіл бөлген жөн-ау. Көңіл көтеру мен өнер саласына инвестиция молынан құйылған болса, демек біздің халық та сауықшыл болып тұрғаны. Өйткені сұраныс болмаса ұсыныс та жоқ. Ал сауық-сайранға үйір болуымыз елдегі әлеуметтік жағдайдың жақсарғанының белгісі ме, әлде бұқараның жалғыз «ермегі» сол болып қалды ма? Нақты жауап беру қиын. Дегенмен біздің қоғам ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Еуропа қоғамына ұқсайтын тәрізді. Кедейі мен байының аражігі тым алшақ сол қоғамда талайдың сүйенері тек қос қолы болғаны тарихтан белгілі. Еуропаның сол кездегі жұмысшылары кейін өнердегі түрлі ағымдардың пайда болуы үшін ыңғайлы орта қалыптастырғаны бар. Әрі олардың да ермегі жұмыстан кейін аздап көңіл көтеру еді. Біздің де қоғам сондай күй кешіп жатқан сияқты. Әйтпесе ойын-сауық пен көңіл көтеретін орындардың қарасы молаймас еді. Шетелге, тіпті ел ішіндегі демалыс орындарына барып демалуға мүмкіндігі аз, күнкөрісі «жалақыдан жалақыға дейін» деген өлшемге құрылған бұқара тұрмыстың тауқыметін сол көңіл көтеретін орындарда ұмытқысы келе ме, кім білсін?! Қалай болғанда, ойын-сауық саласына салынған инвестиция көбейген.