Аймақтар • 19 Желтоқсан, 2019

СҚО полициясында бір кинолог қыз бар

457 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің итпен із кесу (кинолог) қызметінде бұрын-соңды қазақ қызы қызмет етпеген екен. Енді сол олқылықтың орны толды. Тәуелсіздік күні қарсаңында республикалық Кинологтық орталықта арнайы курсты тәмамдаған Күлжәмилә Қайырбекова осы қызметке орналасты.

СҚО полициясында бір кинолог қыз бар

Жалпы, Күлжәмилә осы жұмысқа қыркүйек айынының басында орналасып, иттермен жұмыс істеуде өзінің епті екенін танытқан. Алдымен ол ауруына байланысты әлсіреген екі айлық күшікті күтіп, қатарға қосты. Енді, курс бітіріп, полиция сержанты болып келген ол басқа қызметтік-іздестіру итімен жұмыс істей бастады. Қазір белгиялық овчарка Чарли екеуі бірі-біріне үйренісіп кетті. Алда олар есірткі заттарын іздеу, із кесу бойынша бірлесе жұмыс істейтін болады. «Мен иттерден қорықпаймын, кішкентайымнан итке жақын болдым. Мен Петерфельд селосында тұрдым. Бізде алабай, овчарка тұқымды әр түрлі иттер болды. Бәлкім, бүгінгі таңда кинологиялық орталықтың иттерімен жұмыс істеуде соның көмегі тиген шығар», дейді осы бөліністе қызметін жалғастырғанына  қуанышын білдірген Күлжәмилә Қайырбекова.

Айта кететін жайт, жыл басынан бері СҚО полицейлері ізшіл иттердің көмегімен заңсыз айналымнан 80 килограмнан астам есірткі затын алды. Кинологиялық қызмет орталығында 13 қызметкер жұмыс істейді. Онда 25 қызметтік ит бар. «Күлжәмилә Қайырбекова облыстық бөліністе кинололог болып қызмет ететін жалғыз қызымыз. Тағы бір әйел қызметкеріміз Виктория Шахневич Тимирязев ауданында жұмыс істейді», дейді СҚО ПД КҚО бастығы полиция майоры Самат Төлебаев.