Аймақтар • 19 Желтоқсан, 2019

Пиротехникалық өнімдер сататын орындар тексерілуде

383 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа жылдың қарсаңында полицияға қосымша проблема жүктейтін нәрсе – пиротехникалар. Оны орынсыз қолданудың кесірінен талай бала  жараланып жатады. Сондықтан СҚО полицейлері республикалық «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасына белсене қатысып, сауда орындарын тексеруді қолға алды. Оның мақсаты – адамдарды сапасыз от шашулар мен петардаларды пайдаланудан болатын қауіптерден сақтау. 

Пиротехникалық өнімдер сататын орындар тексерілуде

«Лицензияланған пиротехника өнімдердің сыртында міндетті түрде қазақ және орыс тілдерінде жазылған нұсқаулық болуы және ол қатаң сақталуы қажет, дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Жасұлан Хамитов.

«Балалардың пиротехниканы пайдалануына тыйым салынады. Лицензияланбаған от шашулар екі есе қауіпті екенін есте сақтаған жөн. Сапа кепілдігі болмаса, өнімнің уақытынан бұрын тұтанып, қолда жарылуы әбден мүмкін.  Олар көбіне күтім нормаларын сақтамайтын орындарда саудаланады. Өнімде өндірістік ақау болмаса да, күн сәулесінің, жауын-шашынның әсерінен адам өміріне және денсаулығына қауіп төндіреді», дейді ол.

Сонымен қатар полицейлер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 436-бабына сәйкес «Елдi мекендерде атыс қаруынан, газды, пневматикалық, лақтырылатын және электрлі қарудан оқ ату, пиротехникалық бұйымдарды қолдану» бойынша балаларына пиротехникамен ойнауға рұқсат берген ата-аналарға 20  АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл салынатынын ескертуде.

Пиротехниканы тиісті құжатсыз сататын саудагерлер де осы кодекстің 196-бабы - «Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау» бойынша жауапқа тартылып, 25 АЕК көлемінде айыппұл тартуы көзделген. Ал пиротехникалық заттарды лицензия бойынша сататындарға сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау және т.б. тәртібін бұзса, 5-тен 45-ке дейінгі АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылған.