Аймақтар • 19 Желтоқсан, 2019

Солтүстік Қазақстанда биыл үш заманауи сүт фермасы іске қосылды

184 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Есіл ауданының Заградовка елді мекенінде озық құрал-жабдықтар орнатылған сүт фермасы қолданысқа берілді. Бұл – соңғы екі жылда ашылған  жетінші ферма.

Солтүстік Қазақстанда биыл үш заманауи сүт фермасы іске қосылды

Жаңа нысанның  жұмысымен танысқан аймақ басшысы Құмар Ақсақалов келесі жылы  осындай үлгідегі 10  сүт фермасының құрылысы жүргізілетінін жеткізді.

«Кәсіпорынның іске қосылуы нәтижесінде ауыл тұрғындары тұрақты жұмысқа орналасты. Көзін тапқанға мал шаруашылығы –табысты сала, оның ішінде сүт өндірісінен пайда мол. Қызылжар– өзін-өзі  сүтпен толық қамтамасыз етіп отырған өңір. Артылғанын көрші Ресейдің қалаларына жөнелтеді. Ешқандай қоспасы жоқ табиғи өнімге сұраныс жоғары», деді ұжыммен кездесуде Құмар Іргебайұлы.

Жыл өткен сайын облыста осындай фермалалар  саны көбейіп келеді. Агроқұрылым жетекшілері мемлекеттен жан-жақты қолдауды сезінгеннен кейін  бұл салаға бет бұра бастағаны қуантады. Биыл облыста 3 заманауи сүт кешенінің іске қосылуы–соның бір айғағы. Соңғы 2 жылда 7  ферма бой көтерсе, 2020 жылы тағы 10 кешеннің құрылысы басталмақ.

Заградовка елді мекенінде сонымен қатар дәмхана, мейманхана, шаштараз, балаларға арналған ойын алаңы бар кешен ашылды. Ширек ғасырға жуық қаңырап бос тұрған мәдениет үйін жергілікті кәсіпкерлер күрделі жөндеуден өткізіп, ауыл тұрғындарына сыйға тартты.