Аймақтар • 19 Желтоқсан, 2019

Жамбыл облысында «Арқан» мобильді кешені қолданысқа енгізілуде

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық маңызы бар тасжолының Жамбыл ауданы аумағында «Арқан» автоматтандырылған мобильді кешенін таныстыру шарасы өтті.

Жамбыл облысында «Арқан» мобильді кешені қолданысқа енгізілуде

Бұл еліміз бойынша Жамбыл өңірінде қолға алынып отырған жоба. Аталған шараға Жамбыл облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев және департаменттің жеке құрамы қатысты. «Өңірімізде жол-көлік оқиғаларының алдын алуда Полиция департаментімен бірқатар іс-шаралар  атқарылуда. Осы мақсатта Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен республикалық маңызы бар автожолдарда қызмет көрсететін патрульдік полиция көліктеріне он бірлік «Арқан» мобильді кешенін орнатып, қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Мобильді кешен облыстың жол-көлік оқиғасы көп орын алатын аумақтарында қызмет көрсететін болады. Сондай-ақ автоматтандырылған режимде полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз бақылау жүргізеді. Айта кетерлік жайт, аталған құрылғы республика бойынша біздің облыста алғаш рет қолданысқа енгізілуде. Кешенді қолданысқа енгізу арқылы біз жолдағы апаттылық деңгейін төмендетуге қол жеткіземіз деген ойдамыз», деген Арман Оразалиев аталған құрылғының мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды.

Полиция полковнигі «Арқан» мобильді кешені жолдың бақыланатын аймағы арқылы өтетін барлық көліктердің нөмірлік белгілерін, түсі мен маркасын тануға, белгіленген жылдамдықты арттыру деректерін тіркеуге қабілетті екенін атап өтті. Сонымен қатар бұл құрылғының көмегімен айыппұл туралы ақпараттар деректерді өңдеу орталығына және Бас прокуратураның әкімшілік өндірістерінің бірыңғай тізіліміне автоматты түрде жіберіледі екен. «Полиция қызметкерінің жүргізушімен қарым-қатынасын болдырмай, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, көлік құралының танылған нөмірлік белгісі бойынша полицияның іздестіруінде немесе жүргізушінің бұрын жасаған әкімшілік құқық бұзушылығы үшін борышкерлер тізімінде болуы автоматты түрде тексеріледі. Бұл жағдайда мобильді кешендегі полиция инспекторы заңға сәйкес құқық бұзушыға қатысты жедел әрекет ету шараларын қабылдай алады», деді Арман Оразалиев.

«Арқан» мобильді кешені ағымдағы жылдың 20 желтоқсанынан бастап бір ай көлемінде тесттік режимде жұмыс істейтін болады. Көрсетілген мерзімде жол-көлік оқиғаларының дерегі төмендеп, оң нәтижеге қол жеткізген жағдайда мобильді құрылғының санын арттыру жоспарланып отыр.