Мектеп директоры Әлия Анафинаның айтуынша, мектеп жанындағы шағын орталықта 18 бала тәрбиеленуде. Шағын мектеп болса да, оқушылар да, мұғалімдер де әрқашанда белсенді. Түрлі мәдени-рухани, әдеби шараларға қатысады.
Мысалы, биыл «Экоboom» облыстық экологиялық шарасы аясында «Бірінші сынып бақшасы» ашылып, мектеп ауласына ағаштар егілді. «Энергия және су болашақ үшін» тақырыбында жарықты, суды үнемдеу тақырыптық ойындары өткізілген, «Жақсылық жаса» атты шақыруымен балалар үйіне көмек ретінде пластикалық қақпақшалар жиналып, тапсырылған. Сонымен бірге, тұрақты түрде өтетін «Шаңырақ» жобасы, «Family day» отбасылық жарыстарға, «Ghallenge Өзгеше сен!» атты марафонына 5-9 сынып оқушылары қатысады. Қазір оқушылар «Шаңырақ» жобасы аясында шеберханада қайың ағашынан шағын киіз үй құрастыруда. Киіз үй кескінін мектеп мұғалімдері Дәурен Жұмабекұлы, Нұрбек Амантайұлы жасаған.
Оқушылар үшін мектеп кітапханасының да орны бөлек. Бір уақ қолдарындағы ұялы телефондарын тастап, әдеби кітаптар оқуды әдетке айналдырған.
– Кітапханамызда оқулықтар, әдеби кітаптар бар, 14406 дана қордан тұрады. Оқырмандар саны мұғалімдер, ауыл тұрғындары, оқушылармен қоса алғанда 130-дан асады. Гүлзада Төкен, Айым Есқали, Зарина Социал, Жарқын Темір, Нұрай Елубай, Жанерке Бектұрова, Жеңіс Түсіпбек, Зейніш Бекзат, Самат Мұхамеджан, Алтынай Қалелова сияқты оқушылар тұрақты оқырмандар, – дейді мектеп кітапханашысы Ульфат Қожанбаева.
Кітапханада мектептің жұмыс жоспарына сай түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Биыл «100 кітап» жобасы бойынша оқушыларға М.Әуезовтің, Ж.Аймауытовтың, Ә.Кекілбаевтың, М.Мағауиннің, Б.Соқпақбаевтың, М.Қабанбайдың, М.Твеннің, балалар әдебиетінің өкілдерінің шығармаларын оқу ұсынылды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлден Төлеуханның айтуынша, 9-сынып оқушысы Нәзира Амангелді, 5-сынып оқушысы Гросс Мұрат, 9-сынып оқушысы Нұрсұлтан Қарыбаевтар мектеп бойынша белсенді кітап оқушылар атанып, рухани байлыққа ден қоюуда. Олар «Кітап жанашырлары» үйірмесінің мүшелері.
Айтса айтқандай, қазір қарасаңыз, бүгінгі мектеп оқушысы да, студенттер де цифрлы әлемге, жаһандық ғаламторға тәуелді. Өз ойын өз тілімен түсіндіру үшін кітап оқу аса қажет екенін енді түсіне бастадық.
– Біздің мақсат – оқушыларға мектепке келген жаңа технологияларды үйрете, игере отырып, дәстүрлі кітап оқу мәдениетін жоғалтпау, – дейді кітапханашы.
Гүлден өткен жылы Семейдің Шәкәрім атындағы университетін бітіріп, дипломмен Саты ауылына келген жас маман екен.
– Ұстаздық жолымды шағын ауыл мектебінен бастағанды жөн көрдім. Шағын мектеп болса да, шырайлы. Жаңашылдыққа ұмтылуда. Өзгерістерге жылдам ілесеміз. Үйренеріміз де аз емес. Осы жерден тәжірибе жинақтап, оқу орнында алған білімімді толықтыра түсемін деген ойдамын, – дейді Гүлден.
Мектеп кітапханасында жаңа кітаптарды таныстыратын «Ауызша журнал» күні, рухани-мәдени тақырыптағы көрмелер, оқырмандарға арналған сұхбат-кездесу күндері өтеді.
Павлодар облысы,
Май ауданы