Қоғам • 20 Желтоқсан, 2019

Бас пен қалпақ

660 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бас пен қалпақ

Әрине, бөрік деген сөз бә­рімізге ұнайды. Ол, әсіре­се, біздің мынау шағын әңгі­мемізге ерекше көрік беріп тұ­рар еді. Қараңызшы: «Бас пен бөрік». Қандай жарасымды!

Бірақ біздің басқа бөрік қонбағалы қаш-шан. Сондық­тан да, бүгінгі сөз – кәдімгі қа­ра­­­­пайым қалпақ туралы ғана болмақ.

Ең басты мәселе, сол құры­мағырдың қайта-қайта бастан түсіп қала беретіндігі ғой.

Нақтысын айтсам, жиі-жиі жоғалтамын. Жылы жерге кір­ген бойда ұмытам. Қашан ше­шіп, қайда қойғанымды білмеймін. Тек басым жаура­ған­да ғана есіме түсіп, қап деп са­нымды бір соғамын. Бірақ кеш...

Содан соң, амал жоқ, тағы да жаңа қалпақ сатып алуға тура келеді. Шынымды айтсам, базарға барған сайын ең арзанын таңдаймын. Себебі арзан нәрсені жоғалтсаң, оның өкініші де арзандау болады.

Иә, иә, сіз ойлағандай, қым­бат қалпақ та алып көрдім. Бірақ, қымбат дүниені ұмыту қиын деген сөздің өзі де, расын айтсам, шындықтан алыс­тау ма деп қалдым. Себе­бі жылы жерге барған бас сол бая­ғысынша былжырап, бә­рібір ұмытып кете бере­ді. Сон­дықтан қымбат қалпақтың өзінен гөрі өкініші әлдеқайда қымбатқа түседі.

Оның үстіне қайта-қайта жо­ғалтып, қайта-қайта жаңа­сын сатып ала берген соң ар­зан қал­пақтың өзі де отба­сылық бюд­жет­тің бір шетін оңдырмай опырып кетеді. Енді не істесем екен?..

«Бұған өзі, бас кінәлі ме, қалпақ кінәлі ме?»

Міне, осындай сұрақ туған соң, оған әрине, жауап із­дей­сің. Есіңе қайдағы-жай­дағылар түседі.

Әне, сол кезде ойлайсың, әй, осы, ұмытшақ бас пен қалпақтың арасындағы байланыс секілді тұрақсыз қарым-қатынас кейбір адамдардың арасында да бар-ау деп.

Өйткені біреуді біреудің әлгі қалпақ секілді қажет ке­зінде ғана пайдаланып, қажет емес кезінде тез-ақ ұмытып кететінін күнде болмаса да, күнара көріп жүрміз емес пе.