Аймақтар • 20 Желтоқсан, 2019

Оралда жаңа спорт мектебі ашылды

1061 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласына қарасты Деркүл кентінде спорт саласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

 

Оралда жаңа спорт мектебі ашылды

Суретті түсірген Мейірбек ТӘЖҚҰРАНОВ

Жалпы аумағы 9 мың шаршы метрге созылып жатқан жаңа мектеп 250 оқушыға арналған. Ал оның жанындағы интернат 150 баланы қабылдай алады. Спорт мектебінде боксшыларға арналған қос ринг, палуандарға арналған 4 кілем, ауыр атлетика бұрышы, ойын залы, тренажерлер бар. Ғимараттың барлық кабинетінде заманауи жабдықтар орнатылған.

Жаңа спорт мектебінің есігіне керілген дәстүрлі лентаны қию құрметі өңір басшысы Ғали Есқалиевпен бірге олимпиаданың қола жүлдегері Екатерина Ларионова мен самбодан әлем чемпионы Нұрбол Серіковке бұйырды.

Халықтың денсаулығы – кез келген мемлекеттің ең басты байлығы саналады. Өйткені спортпен айналысатын, салауатты ұрпақтан ел дамуына үлес қосатын азаматтар көп шығады. Сондықтан да спортқа қабілетті балаларды ертерек тауып, оның жан-жақты дамуына жағдай жасауымыз керек. Болашақ чемпиондар әлемдік жарыстарға қатысып, Отанымыздың көк туын биік желбіретеді. Бұл мектептің жанында жайлы интернаты бар. Енді болашақта ел намысын қорғайтын дарынды балаларды тауып, осы жерге тарту – бапкерлердің міндеті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр ауданда денешынықтыру-сауықтыру кешендерін салу туралы тапсырма берген болатын. Биыл Жәнібек пен Жаңақала аудандарында спорт кешендерінің құрылысы басталды. Келесі жылы тағы алты ауданда қолға алынбақ, - деді өз сөзінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.

1

Жаңа мектеп спортқа басымдық бергенімен, бұл жерде балалар толыққанды орта білім алып шығады. Мұнда шет тілдері кабинеті, еңбек сабағына арналған шеберхана, кітапхана қажетті қондырғылармен толық жабдықталған. Соның арқасында 7-11 сынып аралығындағы оқушылар жан-жақты білім алып, әрі спорттың 13 түрімен алаңсыз айналысатын болады. Айта кетерлігі, болашақ спортшылар интернатта тегін жатады, тамағы да, спорттық киімдері де мемлекет есебінен болады.  

Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының директоры Абай Бақмановтың айтуынша, мектеп-интернаттан соңғы 15 жыл ішінде талай-талай халықаралық және республикалық спорт жарыстарында топ жарған жеңімпаздар шыққан. Болашақта бұл көрсеткіш одан әрі көбейетініне сенім мол.

 

Батыс Қазақстан облысы