Руханият • 20 Желтоқсан, 2019

«Түркістанға тарту» Қазығұрт ауданынан басталды

336 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Түркістанға тарту» жобасы аясындағы іс-шараларды 2020 жылы облыстағы барлық аудан, қалаларда ұйымдастыру жоспарланып отыр. Айтыс және жазба ақындарын, дәстүрлі әншілер мен термешілерді, жыршылар мен күйшілерді, қаламгерлерді елмен жүздестіру, рухани кештер өткізуді мақсат еткен жоба, яғни өнер керуені алғашқы сапарын қасиетті Қазығұрт ауданынан бастады.

«Түркістанға тарту» Қазығұрт ауданынан басталды

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен, Қазығұрт ауданы әкімдігі қолдауымен басталған игі іс барысында елге танымал өнерпаздар мен саяси ұйым өкілдері алдымен Жаңабазар ауылындағы қымызханада аудан ақсақалдарымен кездесті. Елдік мәселелер қозғалған кездесуде қазыналы қарттар арнайы келген азаматтарға ақ батасын берді. Өнерпаздар ел ағаларына әннен шашу шашып, ақындар арнауларын айтты. Ал аудандық мәдениет үйінде еркін форматта өткен өнер кешінде партия филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева жобаның мақсатымен таныстырды. Жоба келесі жылы тұтас облысты қамтып, шалғайдағы елді мекендер де өнермен сусындайтынын, ел арасынан талантты жастар да шығатынын жеткізді.

Өнер кешінде поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ақындар Ақмарал Леубаева, Айдар Сейдәзім мен Мұқағали Кенжетайұлы  жалынды жырларымен көпшіліктің көңілінен шыға білді. Ал Бөрібай Оразымбетов пен Кәрима Оралованың айтысында қоғамдық мәселелер де қозғалды. Қазығұрт ауданының талантты өнерпаздары өз өнерлерімен көрерменді тәнті етті.

 

 

Түркістан облысы