Экология • 23 Желтоқсан, 2019

Климаттың өзгеруі көз жұма қарайтын мәселе емес

789 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Испанияда Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың жылынуына қатысты саммиті өтті. Жыл соңында өткізілетін бұл жиынның жер жаһан үшін маңызы зор. Әсіресе АҚШ секілді алпауыт мемлекеттер Париж келісімінен шығып, парниктік газды шығару көлемі артқан сәтте бұл мәселе өзекті бола түсті.

Климаттың өзгеруі көз жұма қарайтын мәселе емес

 

Пиреней түбегіндегі саммит ресми түрде 2 желтоқсанда бас­талған. Алайда климат жөнін­дегі келіссөздерге бір жұмадан кейін ғана шартараптың назары ауды. Өйткені бұған дейін жаһандық жылынуға қатысты жалынды сөз­дерімен жадымызда қалған Грета Тунберг Мадридке келіп, шаһарда өткен шеруде сөз сөйледі. Бұқаралық ақпарат құралдарының дере­гіне сүйенсек, Испания аста­насын­дағы наразылық акциясына 500 мың адам қатысқан. Кө­шеге шық­қандар әлем елдері көш­бас­шыларынан климат өз­геруіне назар аударып, көмір­қышқыл газына қатысты  міндеттемелерін орын­дау­ды талап еткен.

«Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, Грета жаһандық жылыну жөніндегі наразылық акцияларынан еш нә­тиже шықпағанын алға тартады. Оның сөзіне сенсек, ке­йінгі екі жылда парниктік газды шы­ғару көлемі артпаса, кеміген жоқ. Тунбергтің сөзімен ға­лымдар да, қоғам белсенділері де келіседі. Өйт­кені жаһандық жылыну туралы мәселе әлі күнге дейін келіс­сөздер алаңында лайықты талқы­ланған жоқ.

Өткен аптаның басында жария­ланған «Көміртегі бюд­жеті» деп ата­латын зерттеу Париж келісімі қойған мін­деттемелерді әлем ел­дері қалай орындап жатқанын анық­т­аған екен. Аталған құжатта парниктік газды шығару көлемі өт­­кен жылмен салыстырғанда 0,6 пайызға артқаны айтылған. Кли­мат әсерін зерттеу жөніндегі Потсдам институтының директоры Йоан Рокстремнің сөзіне сүйен­сек, келер жылдан бастап көмір­қышқыл газын азайтуға кірісу қажет. Кейін кеш болуы әбден мүмкін.

 Жиында не талқыланды?

Әйтсе де саммит барысында осы мәселеге қатысты бір­қатар келіссөз жүргізілді. Әзірге көмір­тегі газын шығаруды азайту бо­йынша алғашқы қадамдар жасалды. Бірақ әлі де түйіні тар­қамаған түйткілдер жетерлік. Мәселен, парниктік газды шы­ғару көлемі қалай есептелуі тиіс? Немесе өз міндетін орындаған мемлекеттер келешекте қалай әрекет етуі керек?

Жалпы, бұл сұрақтардың ма­ңызы зор. Өйткені өз мін­детін орындаған мемлекеттер ауаға көмірқышқыл газын­ бөлу­­дің көбеюіне жанама әсер етіп отыр. Мысалы, Гер­ма­ния, Ұлыбритания және Фран­ция секілді дамыған елдер пар­никтік газды шығару көлемін айтарлықтай азайтты. Осылайша «Тұманды Аль­бион­нан» тұман тарқап, Эй­фель мұнарасын түтін баспай, немістер таза ауамен тыныстай бастаған. Алайда атал­ған елдер тұтынатын тауарлар әлемнің басқа бөлігіндегі кө­мірқышқыл газының артуына сеп болып отыр. Мәселен, Париж келісімінен кейін Батыс Еуропа елдерінің Қытайдан сатып алатын тауарлары күрт артқан. Бұл өз кезегінде Қытайдың парниктік газды көп шығаруына жол ашты. Сондықтан елдің географиялық шекарасынан ғана шығатын көмірқышқыл газын ғана емес, сол мемлекет тұтынатын бүкіл тауарды өндіруден шығатын парниктік газдың көлемін анық­тау өте өзекті.

Сонымен қатар саммит барысында Париж келісімінің 6-бабында айтылған «көміртегі нарығы» келіссөзіне қатысты қарар қабылданбады. Бұл мәселе толыққанды шешілмесе, келешекте талайға дейін жыр болмақ. Мемлекеттер көміртегін азайтуға емес, оның техникалық жағына назар аударып кетті. Яғни, пар­никтік газды шығару көлемі бұрынғы қалпында қала бермек. Мұндай жағдайда жаһандық жылынудың одан әрі қарқын ала беретіні белгілі. Ал ғалымдар жедел шара қабылдау қажет екенін айтып дабыл қағып отыр.

Саммит барысында жалпы құны 37 триллион долларға тең өнеркәсіптерге басшылық ететін 631 инвестор климаттың өзгеруімен күресіп, Париж келі­сімінде көрсетілген мақсатқа жету үшін әлем елдерінің басшы­ларын әрекет етуге шақырды.

 Басқалар не дейді?

Негізі БҰҰ-ның саммиті Чилиде өтуі тиіс-тұғын. Алайда ел астанасы Сантьягодағы жаппай шерудің салдарынан жиынды Пиреней түбегіне ауыстыруға тура келді. The Guardian ба­сы­­лымының мәліметінше, тех­никалық тұрғыдан іс-шара­ны өткізуші Чили саналды. Сам­митке қатысты бүкіл құжатта Чи­лидің логосы мен белгілері бар. Оған қоса, Чилидің өкілі Кэро­лина Шмидт бүкіл маңызды жиын­ға қатысып, кейбіріне төрағалық етті.

Сонымен қатар бұл саммитке мұхит тазалығы туралы мәселе көтеріп жүрген белсенділер де келген-тұғын. Олар шектен тыс балық аулауға тыйым салу, пластикалық қоқысты, химиялық және басқа да қалдықтарды мұ­хитқа ағызбау керек екенін айтады. Олардың пайымдауынша, бұл теңіз түбіндегі балықтар мен жәндіктерді қорғап, мұхитқа тәуел­ді миллиард адамға пайда әкеліп қана қоймай, климаттың өзгеруін реттеуге үлес қоспақ. Өйт­кені мұхит суы таза болған жағдайда ғана көмірқышқыл газын көбірек сіңіреді.

Шартарап көшбасшыларының назарын аударуды көздегендер Испания астанасының түкпір-түкпіріне түрлі суреттер салып жатыр. WWF және Prado өнер галереясы танымал картиналарды өзгертіп, жаһандық жылынудың салдарын көрсетуге тырысқан. Мәселен, даңқты суретші Диего Веласкес салған Испания королі IV Филипптің портреті өзгертіліп, патшаның аты мойнынан суға батқаны кей­пінде бейнеленген.

Ұтатын кім, ұтылатын кім?

БҰҰ саммитіне 190 елден өкіл қатысуда. Әйтсе де жаһан­дық жылыну туралы сөз қозғалғанда, екі құрлықты ерекше атап өту керек. Оның бірі – Аустралия. БҰҰ-ның парниктік газды шығару жөніндегі есебіне сүйенсек, қа­­зіргі таңда мәңгі жасыл құр­лыққа әлемдік ластанудың 1,3 пайызы тиесілі. Яғни, ластаушылар тізімінің 16-сатысына жайғасқан. Әйтсе де, 40 елге қа­рағанда көмірқышқыл газын ар­тық шығарады. Сондай-ақ жан басына шаққандағы парниктік газ көлемі жөнінен әлемде бірінші орында тұр.

Аустралия көмір сату бо­йынша ешкімге дес бермейді. Бұл өндірістің парниктік газды көп бөлетіні белгілі. Осыған байланыс­ты Тынық мұхиты аймағындағы елдер аталған мәселені оңтайлы шешуге ынта танытпай жүрген Аус­тралия басшылығын сын­ға алды. Алайда ел билігі кли­мат­­тың өзгеруіне қатысты екі­ұшты көзқарас ұстанады десек қателеспейміз. Бір жағынан өз міндетін толыққанды орындауға асық­паса да, екінші жағынан келіс­сөздерге белсенді араласып келеді.

Жаһандық жылыну әсер ете­тін екінші құрлық – Африка. Бұл құрлықты мекендеген елуге жуық елдің жалпы көмірқышқыл газын шығару көлемі 4 пайызға жетер-жетпес. Алайда БҰҰ-ның мәліметіне сай, климаттың өзге­руіне қатты әсер ететін аймақ та осы Африка.

Әлемнің басқа бұрышында парниктік газды азайту мәселесі талқыланып жатса, мұнда жа­һан­дық жылыну салдарынан туындаған апаттардың алдын алу маңызға ие. Сондай-ақ көмір­қышқыл газын аз пайдалану арқы­лы экономиканы дамыту да назар аударуды талап етеді. Бірақ бұл екі мәселеге көп қаржы керек. Ал Африка елдерінің басым бөлігі кедейшілікте өмір сүретіні белгілі. Яғни, қара құрлық үшін қаражат табу қиын болып тұр.

БҰҰ-ның есептеуіне сүйен­сек, Сахара маңындағы елдер жа­һандық жылыну салдарымен күресу үшін жыл сайын 50 миллиард доллар қажет етеді. 2017 жылы дамыған елдердің климат өзгеруімен күресуге қатысты бөл­ген қаражаты 54,5 миллиард долларға жеткен. Алайда дамушы елдердегі жемқорлық секілді түйткілдер кесірінен бөлінген қаржы көзделген мақсатқа жетпей жатады. Ал Табиғат ана адамзат жемқорлықты қашан жеңеді екен деп қарап отырмайтыны айт­паса да белгілі. Оның салдары анық байқалады. Қазірдің өзінде Афри­када шөл, тасқын, циклон күрт көбейген.

Қысқасы, Мадридтегі БҰҰ-ның климаттың жылынуына қа­тысты кезекті саммиті әлем назарын аудар­ғанымен, нақты іске келгенде қауқарсыздық танытты. АҚШ, Қытай секілді алпауыт елдердің билігі жаһандық жылынуды жете түсінбей, мәселені түпкілікті шешу не­ғайбыл. Осы­лайша жаһандық жылынудың жағдайы келесі жиын­­ға дейін қаз- қалпында қала бермек.