Аймақтар • 23 Желтоқсан, 2019

Түркістан: «1424» фильмі көрермен назарына ұсынылды

416 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен жарық көрген «1424» қысқаметражды фильмнің алғашқы көрсетілімі өтті. Жаңа туындының тұсаукесеріне облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты.

Түркістан: «1424» фильмі көрермен назарына ұсынылды

Қоғамда белең алған жемқорлық көріністерін азайту және оған қарсы мәдениеттің жарқын үлгісін қалыптастыру, әрі халықтың азаматтық белсенділігін арттыру арқылы сыбайластықтың жолын кесу мақсатындағы жоба Департамент басшысы Хаким Көшқалиевтің идеясы негізінде түсірілген. Үш апта көлемінде түсірілген жаңа туындыда рөлдерді Департамент қызметкерлері мен Арыс қаласындағы «Т.Тәжібаев атындағы балалар ауылының» тәрбиеленушілері сомдап шыққан.

Көрсетілім соңында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев фильмде белсенділік танытқан бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.

«Жемқорлықпен күресті мектеп қабырғасынан бастау керек. Өскелең ұрпақ жастайынан жемқорлықтың жаттығын жадына сіңіріп өскенде бұл індеттің тамырына балта шабуға болады. Сонда психологияны өзгертеміз. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің де жағдайын жан-жақты жақсарту керек. Елімізде жеке мақсаттарын жүзеге асыру үшін мемлекеттік билікті пайдаланатындармен күрес күшейіп келеді. Елбасының талабы мен Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы тапсырмасы да осыған саяды. Түркістандай киелі жер жемқорлықтан мүлдем жат болуы тиіс», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Атауына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Call-орталығының нөмірі негіз болған «1424» фильмі алдағы уақытта Түркістан облысының барлық қала-аудан көрермендеріне жол тартады.

 

Түркістан облысы