Нигерияның солтүстігіндегі Чад өзені жағалауында орналасқан Бага ауылында «Боко харам» террористік ұйымының содырлары 20 бейбіт тұрғынды атып өлтірген. Бұл туралы Нигерия БАҚ өкілдерінің мәліметіне сілтеме жасаған ИТАР-ТАСС хабарлады.
Әскери ақпарат көздерінің мәліметіне сүйенсек, Нигерияның солтүстік-шығысында полиция мен әскерилер лаңкестерге қарсы бірлесе іс-шара өткізіп, нәтижесінде содырлар негізгі базаларын тастап, Камерунмен шекаралас жатқан таулы аймақтарға қашуға мәжбүр болған. Ол жерде олар қайта топтасып, жаңа шабуылдар дайындайтын көрінеді.
Нигерия президенті Гудлак Джонатан 14 мамыр күні Борно, Йобе мен Адамава штаттарында төтенше жағдай енгізді. Чад көлінің жағалауында орналасқан шалғай аудандарды содырлардан босату үшін арнайы операция жүргізуге әскер жіберілді. Халықты қорқыту мен өз бақылауларында ұстау мақсатында «Боко харам» содырлары жиі-жиі бейбіт нысандарға шабуылдауда. Соңғы ай ішінде лаңкестер төрт мектепке шабуыл жасап, ондаған оқушыға ажал құштырған.
Айдар Өрісбаев.