Технология • 24 Желтоқсан, 2019

DC зерттеуі: Цифрлы трансформацияны жалғастыру үшін АТ біліктілігін арттыру аса маңызды

552 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біздің заманымызда әрбір компания цифрлы ұйымға айналып жатыр. Кәсіпорындар мен бүкіл салалар түбегейлі өзгерістерден өтуде. Бұл жұмыс орындары мен қызметкерлердің біліктілігіне жаңа талаптарды қоятын, болашақтағы салдары терең төңкерістің нақ өзі. Бұлттық технологияларды, жасанды интеллектіні және басқа да озық технологияларды ендіру шапшаңдап барады. Алайда цифрлы трансформацияны жүзеге асырып, бәсеке қабілеттілігін арттырып өсу үшін компанияларға тек қана технологиялар қажет емес.  

DC зерттеуі: Цифрлы трансформацияны жалғастыру үшін АТ біліктілігін арттыру аса маңызды

IDC аналитиктерінің Microsoft  корпорациясына арнап жүргізген «Орталық және Шығыс Еуропадағы цифрлы дағдылардың жағдайы» (The State of Digital Skills in CEE) атты жаңа зерттеуі қызықты нәтижелерді көрсетіп отыр. Мәселен, бұлттық технологияларды ендіріп жатқан Шығыс және Орталық Еуропадағы компанияларда АТ біліктілігі бар мамандарға деген қажеттілік басқа компанияларға қарағанда 35%-ға жоғары екен. Осының нәтижесінде бизнес қазірдің өзінде тәжірибелі кадрлардың тапшылығына тап болып отыр: осы елдердегі қызметкерлердің 3,5%-ы ғана бүгінгі күні АТ біліктілігінің талаптарына толығымен жауап бере алады. Тиісті шаралар қабылданбаса, сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтық арта бермек.

Қазақстан экономикасының даму қарқынын шапшаңдатып, азаматтардың өмір сапасын көтеруге бағытталған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында мемлекеттік қызметтердің электрондық форматқа өтуі 2020 жылға қарай 80%-ды құрауы тиіс. Бірінші кезекте, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы мамандардың аса тапшы болуына байланысты Қазақстан бұл көздеген мақсатына жетпей қалуы мүмкін.

Қазір өзекті болып отырған бес дағдыларға аналитиктер автоматтандыру және роботтандыру, үлкен деректерді талдау, жаңа сәулеттерге өту (мәселен, бұлттық), мобильділік және нетворкинг сынды білімдерді жатқызып отыр. Таяу 2-3 жылда бірлескен жұмысты жүргізу үшін қосымшаларды қолдана білу, сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғау саласындағы білімдер аса көкейтесті бола түспек.

2019 жылдың сәуірінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Microsoft-тың АТ-академиясының ашылу салтанаты өтті. Академия технологияға бағдарланған экономикада жетістікке жету үшін қажетті оқу бағдарламаларын ұсынады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Satbayev University және «Astana IT University» сынды оқу орындарымен Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. Мәмілелердің шарты «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының  міндеттерін жүзеге асыру аясында университеттерді цифрге көшіру жобаларын, Microsoft-тың білім беруге арналған озық технологиялары мен шешімдерін қолдана отырып білім беру үдерісін дайындауға бағытталған.

«Microsoft болашақ буынды жарқын цифрлік келешекке дайындау үшін Қазақстанның білім беру секторында бастамаларды жүзеге асырып жатыр. Қай пәнді алмасақ, АТ дағдылары мен құзыреттіліктерін меңгерудің рөлі артып келе жатқандығы анық, сондықтан біз осы технологиялар мен құралдарды әрбір азамат үшін қолжетімді етуге көмектесіп жатырмыз», - деп атап өтті Microsoft Қазақстан білім беру секторымен жұмыс жүргізу жөніндегі басшысы Нұрлан Жәнібек.

IDC зерттеуі Қазақстанға қатысты аса оптимистік бағалау беріп отыр: Қазақстан IT нарығында сапалы өзгерістерден өту үшін бүкіл қажетті алғышарттар бар. IDC аналитиктерінің пікірінше, нарықтың оң қарқынмен дамуы бизнес пен мемлекеттің IТ-саясатта сапалы өзгерістерді жүзеге асыруға қаншалықты дайын болуымен байланысты болмақ.