Аймақтар • 24 Желтоқсан, 2019

Алматы облысында айыпталған 5 жігітпен процессуалдық келісім жасалды

609 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысының Ақсу аудандық сотында Қызылағаш ауылының 5 тұрғынына қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Оларға Талдықорған – Өскемен бағытындағы жол құрылысын жүргізіп жатқан Қытай компаниясы жұмысшыларын соққыға жықты деген айып тағылып, қамауға алынған болатын.

Алматы облысында айыпталған 5 жігітпен процессуалдық келісім жасалды

Сот отырысы бұған дейін басталып, қарсы тараптың келмей қалуы себепті кейінге шегерілген болатын. Бүгін сотқа жиналған бес жүзден астам адам істің әділетті өтіп, азаматтарды қылмыстық жауапкершліктен босатуды талап етті. Сот ғимараты алдына жиналған көпшіліктің талабына құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері басу айтып, іс барысында заң талаптары сақталатынын айтты. Сот шешімі ертең, 23 желтоқсанда жария етіледі. Сотталушылардың қорғаушысы Жанар Балғабаеваның айтуына қарағанда, қамаудағы 5 жігіт прокурормен процессуалдық келісімге келген. Алайда, нақты шешімді сот айтады.

- Айыпкер орындығында отырған Берікбол Рысалдинов, Бейбіт Мұхаметалин, Нұрбол Мұхаметалин, Сарқыт Салқанов және Еркін Салқанов есімді азаматтармен процессуалдық келісім жасалды. Сот мұны ескеріп, оларды босатуы мүмкін. Ақтық шешімді сот шығарады. Мәселе ертең шешімін табады. Тұрғындардың сабыр сақтауын сұрап, тәртіпсіздікке жол бермеуді сұраймыз, - деді Ақсу ауданы прокурорының орынбасары Әділет Асқарұлы.

Айтпақшы, 5 жігіттің қамауға алынуына биыл, 7 қазанда Алматы – Өскемен автожолының 303-шақырымында болған кикілжің себеп болды. Куәгерлердің айтуынша, жол құрылысында жұмыс істеп жатқан қытайлық «CITIC Construction Co LTD» компаниясының бірнеше жұмысшысы жергілікті жұмысшы Қанат Жамбылды соққыға жыққан. Оқиғада кейін Қызылағаш ауылының 5 тұрғыны қытай жұмысшыларымен кездесуге барып, соңы төбелеске ұласқан екен. Нәтижесінде бірнеше шетелдіктер жұмысшы жеңіл жарақат алды. Ал кикілжіңнің шығуына себепкер болған 3 Қытай азаматы әкімшілік іс бойынша жазаланған еді.