Аймақтар • 24 Желтоқсан, 2019

Көкшетауда сән және дизайнерлер қауымдастығы ашылды

467 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өңірде облыстық сән және дизайнерлер қауымдастығы құрылды. Оның құрамына өңірдің танымал брендтері мен істі жаңа бастаған дизайнерлер кіріп отыр.

Көкшетауда сән және дизайнерлер қауымдастығы ашылды

Облыстық сән және дизайнерлер қауымдастығының ашылу салтанатында жаңа жылдық жәрмеңке көрме болып өтті. Қауымдастық мүшелері алдағы уақытта өз қатарын көбейтуді межелеуде.  

– Алдағы мақсатымыз кәсіпкерлер палатасы мен іскер әйелдер кеңесімен қолдауымен  тек облыс орталығындағы шеберлерді ғана емес, аудандардағы қолөнер шеберлерін біріктіріп, қауымдастыққа мүше ретінде тартпақшымыз. Түпкі ой жұмыс сапасын арттыру, тәжірибе алмасу және кәсіби деңгейімізді көтеру,–дейді «Светлана» ательесінің директоры Светлана Ехлакова.

Жәрмеңкеге тоқыма фабрикалары мен жекелеген тігіншілер де өз жұмыстарын ала келген екен.  

– Біз «Арман» кәсіпорнынан келіп отырмыз. Тек ересектерге ғана емес балаларға да киім-кешек тоқимыз. Қауымдастықтың ашылғаны әрине өте жақсы,–дейді «Арман» тоқыма кәсіпорнының директоры Татьяна Басан.

Іс алға басып кетсе, өңірдегі қолөнер шеберлерінің ілкімді ісіне дем бермек. Біз тілдескен кейбір шеберлер ұлттық бұйымдарды да қолға аламыз деп құлшынып отыр.

– Біз жаңа туған нәрестелерден бастап 5 жасқа дейінгі балаларға қажет заттарды тігеміз. Балалар үшін жастық, жамылғылар, ойыншықтарға дейін бар. Бұл Көкшетау қаласында дайындалатын жергілікті өнім,–дейді «Динозаврик» онлайн-дүкенінің жетекшісі Дидар Ғабдуллина.

Сән және дизайнерлер қауымдастығының ашылу салтанатында ұтыс ойындары, шеберлік сағаттары мен сән көйлектерінің дефиле-көрсетілімі өтті. Айта кетелік, іс-шара іскер әйелдер кеңесі, «Исмаил» омарта шаруашылығы, «Бизнес про» консалтингілік агенттігі мен «Галатекс» серіктестіктерінің қолдауымен ұйымдастырылды.