Қоғам • 24 Желтоқсан, 2019

«Көкшетау су арнасы» қарызы көбейген бірнеше үйді су желісінен ажыратты

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетау қаласы бойынша тұтынған ауыз суға тұрғындардың берешегі 139 миллион теңгеден асты. Таяуда «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнының қызметкерлері қарызы көбейген бірнеше үйлерді су желісінен ажыратты.

«Көкшетау су арнасы» қарызы көбейген бірнеше үйді су желісінен ажыратты

Привокзальный көшесіндегі жекеменшік үйлердің бірінің «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнына 15 мың теңге көлемінде қарызы бар. Бұған дейін бірнеше ескерту алған үй иесі қарызын төлеуге қаражатының жоқтығын айтып алақан жайып отыр. Дегенмен, қарызды өтеу парыз. Бұл үй уақытша желіден ажыратылды.

– Бұл қаражат біреулер үшін аз ғана сома болып көрінуі мүмкін. Ал біздің мекеме үшін айтарлықтай қаржы. Өйткені еңбеккерлердің еңбекақысы. Олардың да ата-аналары, отбасы балалары бар. Сондықтан, тұтынған өнімнің ақысын уақытылы төлеу қажет, – дейді «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнының бөлім жетекшісі Әсел Есенғожина.

Жұмабек Тәшенов көшесінде орналасқан 54-ші үйдегі пәтерлердің бірі де судан ажыратылды. Үй иесі кәсіпорынға 20 мың теңге берешек. Үй иесі ақыны төлегенін айтуда, бірақ қолында түбіртек жоқ.

– Күніне шамамен 10 шақты үйді судан ажыратамыз. Кранды жауып, мөр басып, бекітеміз. Үй иесі ақы төлеген соң үйге қайта су беріледі. Егер үй иесі бекітілген кранды өз еркімен қосып алса, әрине, айыппұл салынады,–дейді «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнының инспекторы Нұржан Пошанов.    

Кәсіпорын қызметкерлері бұған дейін 86 пәтер мен жекеменшік үйді  ауызсудан ажыратқан. Сот орындаушыларында өндірісте 1500-ден аса іс жатыр. Ол құжат бойынша өндірілуі тиіс қаражат 58 миллион теңгеден асады.