Аймақтар • 24 Желтоқсан, 2019

Таразда көпбалалы отбасылар баспаналы болды

482 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан халықты қолжетімді баспанамен қамтуға ерекше мән беріліп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру», дей келе, баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажеттігін де айтқан еді. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан «Нұрлы жер», «7-20-25» және «Бақытты отбасы» сияқты тиімді бағдарламалар қабылданды. Мемлекет басшысының халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес, Жамбыл өңірінде ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Таразда көпбалалы отбасылар баспаналы болды

Тараз қаласы бойынша биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 80 пәтерлі 9 тұрғын үй ел игілігіне берілді. Бұл жақсы үрдіс өңірде өз жалғасын тауып келеді. Бүгін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласындағы «Қарасу» ықшамауданынан жаңа салынып жатқан 90 пәтерлі жатақхананың кілтін көпбалалы отбасыларға табыстады. Бұл үйде тұрғындар жекешелендіру құқығынсыз тұра алады. Әкім өз сөзінде облыстың 80 жылдығына орай 80 нысанның аясында пайдалануға беріліп отырған тұрғын үйдің талай жыл бойы үй кезегінде тұрған көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға тарту болғанын, 80 жылдық бекер мал шашпақ даңғаза той емес, ел игілігіне арналған нысандардың ашылуымен ерекшеленіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін әрқайсысы 80 пәтерлі 4 әлеуметтік тұрғын үй  берілетінін атап өтті. Жалпы, биыл Тараз қаласынан көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналып 12 жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Бұдан кейін сөз алған 12 баланың анасы Гүлфия Дәуітова өзінің алғысын білдіріп, көпбалалы отбасыларға тағы да осындай мүмкіндіктер көптеп жасалса екен деген тілегін жеткізді.

Бүгінде Тараз қаласындағы «Қарасу» және «Арай» мөлтек аудандарында көпбалалы отбасыларға арналған 6 көпқабатты әлеуметтік жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Құрылыстың жалпы аумағы 8100 шаршы метрді құраса, пәтердің бір шаршы метрінің құны 100,2 мың теңгеге айналуда. Мұнда инфрақұрылым мәселесі толықтай шешілген. Бүгін пайдалануға беріліп отырған жатақханалардың ішкі құрылысы екі бөлмелі пәтерлерден тұрады. Бір пәтердің жалпы ауданы 35-40 шаршы метрді құрайды. Әр пәтерде зал және жатын бөлмелер, сондай-ақ, жеке ас үйі, әжетханасы мен жуынатын бөлмесі  бар. Сондай-ақ, көпбалалы отбасылар үшін жатақхананы жалға алу құны 3500 теңгеден аспайды.

 

Жамбыл облысы