Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2019

С.Қондыбай шығармалары кейіпкерлері сән-көрсетілімде сомдалды

422 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылында қазақтың мифология ғылымына жол ашқан, әлемдік мифологияға тың пікірлерін қосқан ғалым Серікбол Қондыбай шығармасындағы мифтік кейіпкерлер «қайта оянды». Бұл туралы Маңғыстау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

С.Қондыбай шығармалары кейіпкерлері сән-көрсетілімде сомдалды

Оның еңбектерін зерттей отырып, өз қиялынан кейіпкерлер костюмін дүниеге әкелген танымал дизайнер Тәрбия Айдымбаеваның сән-көрсетілімі Серікболдың есімі берілген мұражайда кең ауқымда аталып өтті. Ол мифтік кейіпкерлер костюмдерінің жағымды және жағымсыз образын бір жарым жылда дайындап шығарған. Жиынға елімізге танымал тұлғалар, облыстық басқарма басшылары, аудан әкімдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Шарада сөз алған ел ағалары, ғалымның жазған тылсымға толы еңбектерін, аз ғана ғұмырында қазаққа жетерліктей дүние қалдырған  тарихшы-этнограф екенін айтып өтті. Музей мамандары өлкетанушы Серікболдың шығармаларындағы төмен, орта және жоғары дүние деп үш кезеңге бөлген таңғажайып еңбектернің экспонаттарын арнайы мұражай ішіне жасақтаған. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы «Бұл саңлақ таланттың саяқ зерттеушілік ізденістеріне, ерек елжандылығы мен еңбексүйгіштігіне таңғалмасқа шара жоқ. Арманда кеткен азаматтың жер бетіндегі ізі суымай жатып, ол қалдырған еңбектердің сиясы кеппей тұрып ғылыми сарапқа түсуі – аса сүйінішті жағдай» деген болатын. Расында, көкірегінде көне күннің күмбірі күбірлеп, ескіден сыр аңдып, бүгінгі тірлігіміздің түп бастау, негіз тірегін іздеген Серікбол ең-бегі – шексіз, шетсіз әлем.

Сән-көрсетілімін көрермендер жоғары бағалап, Серікбол шығармаларын насихаттауға өзіндік таланты тұрғысынан келген дизайнерге алғыс айтты.