Ұлттық журналистикада Саламат Хайдарұлы сынды ұзақ жылдар қалам тербеген жандар сирек. Жетпіс жыл бойы жазған журналистің тоқсанның тор жорғасын баяғыда ерттеп мінгенін есептеп шығару қиын емес.
Дегенмен, әңгіме әр кезде де адамдардың жасында емес, мағыналы ғұмырында десек, Саламат Хайдарұлының «Үш қиян» баспасынан жарық көрген екі томдық кітабы да ерекше тағылымдарды екшейді.
«Егемен Қазақстанның» қазына қарттарының бірі – жазушы-журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Саламат Хайдарұлының алғашқы мақалалары 1943 жылдары шыға бастағанын ескерсек, оның тырнақалды туындыларын топтастыра келе, соғыстан кейінгі жылдардағы халқымыздың әлеуметтік тынысын алға тартады. Архив деректерімен өрілген «Шытырман шындық» атты екінші том ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап орын алған саяси оқиғалардың алаш жұртына ала келген кесапатты кезеңдерін қамтуымен құнды.
Өткен ғасырдың 40-50-ші жылдарында Асқар Тоқмағамбетов бастаған қазақ сатириктерінің фельетондары мен сықақ өлеңдері мерзімді баспасөз беттерінде жиі жарық көріп қана қоймай, қисықты түзеп, тоғышарлықты халықтың талқысына салып, жемқорды жұртқа әшкере етіп жататын. Сол кезеңдерде қоғамдағы келеңсіздіктерді аяусыз әшкерелеген фельетон жанрының туын желбіреткен журналистер қатарында Саламат Хайдарұлы да болды. Сол еңбектердің біразы осы кітапқа енген.
Әдетте, біздің халқымыз «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деп жатады ғой. Тағдырының да, туған өлкесінің де теңізін кешіп, дауылдарын бастан өткерген автор теңіз, балық, балықшылар туралы бұрын-соңды көп жазыла бермеген ой орамдары мен ұмыт бола бастаған атауларды жаңғыртыпты.
Кітапта елең еткізген бір тұс, суда жүзген балық атаулының аттары. Теңіздің жағасында, судан несібе сүзіп өспеген адам мұншама балықтың, соншама атаудың болатынын біле бермейтіні сөзсіз.
Соңғы жылдары нақыл сөздер жазуды машығына айналдырған ақсақал-журналистің имандылық пен адамгершілік, парасаттылық пен шындық туралы толғамдары «Естінің сөзі – маржан, есердің сөзі – арзан», «Жалқау тұрып ұйықтап, жатып жұмыс істер», «Түн қараңғысынан көңіл қараңғысы қорқынышты», «Дәреже мен байлыққа ұстамды болсаң озарсың, ұстамсыз болсаң торғайдай тозарсың», «Аяз бетіңді қариды, жалған сөз сүйегің мен етіңді қариды», «Ұяты бар адам қызарады, ұятсыз адам сазарады» дейді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.