Парламент • 25 Желтоқсан, 2019

Сенатта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері қаралды

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенаттағы Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінде құрылыс саласының қазіргі жай-күйі, даму қарқыны мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының өзекті мәселелері бойынша кездесу болды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенатта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері қаралды

Шараға комитет мүшелері, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығының басшылығы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, салалық мекемелердің, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Комитет төрағасы Серік Жақсыбеков өз сөзінде жобалық-сметалық құжаттар сараптамасының сапасын төмендетуге, еліміздің қалаларында әлеуметтік нысандарды салу үшін бірыңғай жобаларды пайдалануға, нысандарды жобалаудың қымбаттауына қатысты мәселелерді сенаторлар бірнеше мәрте қарағанын және көтергенін атап өтті.

«Еліміздің жалпы ішкі өніміндегі құрылыстың үлесі өткен жылы 5,3 пайызды құрады, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі – 3 862 995 млрд.теңге, құрылыс ұйымдарының саны 7 654 болды. Осыған орай, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және оларды шешу жолдарын табу еліміздің әлеуметтік-экономикалық міндеттеріне қол жеткізуге елеулі үлес қосуға мүмкіндік беретініне сенімдімін» деп толықтырды С.Жақсыбеков.

Кездесуде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев баяндама жасады. Ол 2020 жылы мемлекеттік қордан берілетін тұрғын үйге кезегіне тұрғандардың есебін орталықтандырып жүргізуге және бақылауға көмектесетін сервистік бағдарламалық өнімнің іске қосылатыны туралы айтты.

Шара барысында Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының атқарушы директоры Владимир Борисов тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңды бұзушылардың жұмыс ыңғайымен таныстырып, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы сондай компаниялардың қара тізімін атады. «Бұл компаниялар үйдің қаңқасы тұрғызылғанға дейін сатылымды жарнамалайды, кейіннен ақшаны тарту үшін жергілікті биліктің рұқсатынсыз пәтерлерді сатады. Әкімшілік айыппұлдарды төлегеннен кейін үйді пайдалануға қабылдау қажет. Соңында бұл жосықсыз компаниялар алдын ала брондау шартын пәтерді сатып алу-сату шартына қайта рәсімдейді» деді В.Борисов.

«Қазақстан Республикасы Жобалаушыларының ұлттық қауымдастығы» ЗТБ вице-президенті Серік Рүстембеков отандық өндірушілер мәселесін көтере отырып, мемлекеттік және коммерциялық құрылыс нысандарының жобаларында отандық материалдарды импорттық материалдарға негізсіз ауыстырудың жолын кесуге депутаттардан көмек көрсетуді сұрады.

Комитет төрағасы Серік Жақсыбеков кездесуді қорытындылай келіп, талқылау нәтижесі бойынша әзірленген ұсыныстар заң шығару жұмысы барысында ескерілетінін атап өтті.