Қоғам • 26 Желтоқсан, 2019

Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталды

2231 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүргізілген Президенттік жастар кадр резервінің қорытындысы жарияланды. Осыған байланысты Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл қатысты.

Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталды

Іс-шарада сөз сөйлеген М.Әшім­баев кадр резервін анық­тау­дың маңызына тоқталып, мақ­саты мен міндетін атап көрсетті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңыз­ды бас­тамаларының бірі – Пре­зи­дент­тік кадр резервін жасақтау. Мұны алғаш рет сайлауалды бағдар­ла­масында жариялаған болатын. Президент тапсырмасына сәйкес бірнеше ай бойы ау­қымды жұмыс атқарылды. Сарап­та­малық комиссия ұсынған канди­даттар қаралып, 300 қазақ­стандық жас іріктеліп алынды», деді Президент Әкім­шілігі Бас­шысының бірінші орынбасары.

М.Әшімбаевтың сөзіне қара­ғанда, резервке енген жастар мем­лекеттік басқару жүйесін­дегі жа­уапты қызметтерге тағай­ын­далады. Мұндағы басты мақсат – білікті бас­шылардың жаңа буы­нын қалып­тастыру және жастар үшін әлеу­меттік лифтінің ұтымды жүйесін құру.

 «Бұл резерв мемлекеттік қыз­мет саласын жаңартуға, озық ойлы жас көшбасшыларды жұмыл­дыруға және жастарды ынталан­дыруға мүмкіндік береді. Бірақ мұны жоғары лауазымға ұсыны­латын топ деп қарауға болмайды. Бұл жоба жастарды халыққа шын ниетімен қызмет етуге ынталандыруы тиіс», деді Президент Әкім­шілігі Басшысының бірінші орынбасары.

М.Әшімбаев аталған жоба бір күндік бастама емес екенін атап өтті. Бұл – еліміздегі басқару жүйе­сін жаңғыртудың нақты тетігі және ұзақмерзімді саясат.

«Іріктеуден өткендер жауапты қызметтерге тағайындалады. Бұл жоба кейін де жалғасады. Басқа да жастар кадрлық резервке енеді. Жалпы, Президент бұл жұмысты жалғастыру туралы нақты тапсырма берді», деді ол.

Жобаға 300 адам ғана іріктелсе де, тізімге енбей қалған жастар назардан тыс қалмайды. Олар келесі іріктеуде қайтадан құжат тапсыра алады. Қазіргі жеңімпаздар резервте 5 жыл болады. «Жастар өсіп келеді. Жаңару процесі жүреді. Сол себепті ірік­теу ерте өтуі мүмкін. Оның нақ­ты уақыты, жиілігі ұлттық комис­сияның отырысында шешіледі. Әзірге 300 жасты дамыту, құзы­ре­тін арттыру жұмыстары күтіп тұр», деді М.Әшімбаев.

Жиын барысында Пре­зи­дент­тік жастар кадр резервіне іріктел­гендердің келешегі туралы да сөз болды.

«Жалпы, үміткердің бәрі бір­ден тағайындалмайтынын ескеру керек. Жақын арада Президенттік жастар кадр резервіне қаты­су­шылар мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда әр­түрлі позицияда жұмыс істей бас­тайды. Қатысушылардың кей­бірі карьерасын жеке секторда жалғастыруды көздеуі мүмкін. Бұл – олардың құқығы. Ол салаға да жақсы мамандар қажет», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ ол жұмысқа орналасу механизмі қалай жүзеге асатынын да әңгімелеп берді. Біріншіден, жарияланған тізім мен соған сәйкес құжаттар әкімдерге, министрлерге, мемлекеттік орган басшыларына жіберіледі. Олар тізімді қарап, жас мамандарды өздеріне жұмысқа шақырады.

«Екіншіден, Президент Әкімшілігі өз құзыреті шегінде кей мекемелерге тиісті мамандарды ұсынады. Үшіншіден, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев Президенттік жастар кадр резерві бойынша шешім қабыл­дап, жауапты мемлекеттік пози­цияға тағайындауы мүмкін. Осы ба­ғыттар бойынша жұмыс келесі жылдан басталады. Оны Прези­дент Әкімшілігі бақылайды», деді Президенті Әкімшілігі Басшы­сының бірінші орынбасары.

Мемлекеттік қызмет істе­рі агенттігінің төрағасы А.Жа­йыл­ғанова өз сөзінде іріктеу жұмыс­тары қалай жүргізілгені, кадрлық резервке өтініш бергендер туралы айтып берді. «Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың «Игі­лік баршаға! Сабақтастық. Әділ­дік. Өрлеу» сайлауалды бағдар­ла­масында агенттіктің алдына Президенттік жастар кадр резер­він қалыптастыру міндеті қойыл­ды. Бүгін біз Президенттік жас­тар кадр резервіне іріктеудің аяқ­тал­ғанын қуанышпен хабарлаймыз», деді А.Жайылғанова.

Президент бастамасына алға­шында 13 мыңнан астам қазақ­стандық қатысуға ниет білдірген. Қатысушыларға отыз бес жастан аспаған, жоғары білімі жəне бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан азаматы болуы тиіс деген талаптар қойылды.

«Жеңімпаздар арасында жеке сектордың – 106 өкілі, квази­мемлекеттік сектордың – 98 қыз­мет­кері және 96 мемлекеттік қыз­меткер бар. Кандидаттардың 58 пайызы шетелдік оқу ордаларында білім алған. 42 пайызы – қазақстандық ЖОО түлектері. 6 адам – ғылым докторы, 204 адам магистр дәрежесіне ие», деді А.Жайылғанова.

Агенттік төрағасының ай­туынша, іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы 31-ді құраған. Сондай-ақ олар түрлі салада айтарлықтай тәжірибеге ие. Іріктеуден өткендердің көбі ірі шетелдік және трансұлттық компанияларда жұмыс істеген, әлі де жұмыс істейтіндері бар.

«Резерв іріктеуіне шетелде жүрген қазақстандықтар да бе­л­сене қатысты. Еліміздің барлық аймақтарынан, сондай-ақ шетел­дерде жұмыс істейтін қазақстан­дық­тардан өтініш келіп түсті. Өңірлер арасында үміткерлердің ең көбі Алматы (46), Қарағанды (41) және Шығыс Қазақстан облысына (30) тиесілі», деді агенттік басшысы.

Бұдан кейін сөз алған Мем­ле­кеттік басқару академиясының ректоры Е.Әбіл кадр резервіндегі кан­дидаттар Президент жанын­дағы Мемлекеттік басқару академиясы және басқа да ұйым­дарда біліктілігін арттыра алатынын жеткізді. 

«Өзіңді үздіксіз дамытып оты­ру – жетістікке жету мен еңбек­ке қабілетті болудың кепілі. Қатысушыларда өздерінің даму деңгейін көру мүмкіндігі бар. Әр резервші кезең сайын қандай нәтиже көрсеткені туралы есеп алып отырды. Бұл – құрған жоспардың дамуының негізі», деді Ерлан Әбіл.

Оның айтуынша,  мемлекеттік басқару саласына арналған «Ойлау дизайны», «Эмоционалды интеллект», «Стратегиялық менеджмент», «Жобалық мене­джмент», «Бизнес-процестерді жү­зеге асыру» және тағы да басқа тренингтер жобасы жасалған. Бұл бағдарламалардың тренерлері – отандық және шетелдік жетекші сарапшылар. Олардың кәсіби деңгейлері жоғары. Резервтегілер осы тренингтердің бірін таңдап, кәсіби біліктілігін арттырмақ.

Естеріңізге сала кетейік, Прези­­­денттік жастар кадр резер­віне тір­келу биылғы қыркүйек айында басталды. Жобаның стратегия­лық мақсаты – тиімді менеджер­лердің жаңа толқынын қалып­тастыру және еліміздің жаңа буыны үшін пәрменді әлеумет­тік лифті­лер жүйесін құру. Ірік­теу нәтиже­лері бойынша пулға жаңа фор­ма­цияның басқарушы­лары болуға қабілетті талантты және креативті жас қазақстандықтар іріктелді.

 

Іріктеу ашық әрі әділ өтті

Ақерке БЕРЛІБАЙ,

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз хатшысы:

– Жоба ұйымдастырушыларының бірі ретінде жобаның тұжырымдамасын дайындаған күннен бастап басы-қасында жүрмін. Шынымен де бұл – бірегей  жоба. Іріктеу ашық әрі әділ өтті деп толық сеніммен айта аламын. Үмітіміз ақталды, себебі бұл жобаға шетелдік жастардың да қызығушылығы жоғары болды. Байқау жарияланғанда 13 мыңнан астам адам өтінім берді. 7312 адам толық тіркеліп, бірінші кезеңге өтті. Олардың мақсаты айқын, жобадан не күтетінін анық біледі. Ал барлық кезеңнен сүрінбей өткен 300 қатысушының болашағы жарқын дер едім. Себебі олар – талантты, ақылды, білікті мамандар. Мен олардың әрқайсысын жеке танимын, әртүрлі кезеңде олармен сөйлесіп, сұхбат алдым.

Іріктеуден өткен 300 адамның 96-сы – мемлекеттік қызметшілер. Көбі жеке сектордан қатысушылар. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметтің ашық болғанын қалап, қалыптасып қалған стереотиптерді бұзғысы келсе, іріктелген 300 адам осы талаптарға толық сай келеді. Олар мемлекеттік қызметтегі стереотиптерді жойып, мемлекеттік қызмет саласын өзгертетін жаңа көшбасшылар болады деген үмітіміз бар.

 Кадрлық резерв – ел жастарына көмек

Ерлан САИРОВ,

Еуразиялық интеграция институтының директоры:

–  Бұл – ел жастарына қоғамдық және әлеуметтік көмек жасаудағы негізгі қадамдардың бірі. Халықтың жартысынан көбі жастар, бірақ мемлекеттік және басқа органдарда олардың үлес салмағы аз. Сондықтан Президенттің бұл қадамы жастар үшін кадрлық әділеттілік орнатуға бағытталған деп ойлаймын. Президенттің жастар резервіне іріктеу әділ өтті. Менің ойымша, ендігі кезекте оларды Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына ғана емес, аймақтарға да жіберіп, тәжірибеден өткізген дұрыс.

 

Өзімізді әртүрлі қырымыздан көрсете алдық

Дәулет КӘРІБЕК,

Nur Otan партиясы Jas Otan жастар қанатының төрағасы:

–  Басты мақсат – Президенттік кадрлық резервіне өткен 300 адамның тағайындалуы емес, мемлекетшіл, отаншыл жастардың жұмыс өтіліне қарамай, мемлекеттік идеяны жүзеге асыруына, мемлекеттік қызмет істеріне араласуына мүмкіндік беру. Президенттік кадрлық резерв дер кезінде жасақталды. Себебі 2050 жылы Қазақстанда өмір сүретін де, оны үздік отыз елдің қатарына енгізуге тырысатын да – қазіргі жастар. Сондықтан жас­тарды мемлекеттік қызметке тартудың осындай механизмдері жастар тарапынан жылы қабылданды. Жастар да жобаға қатысушы ретінде ғана емес, бағындырар белес ретінде, білімі мен тәжірибесінің, біліктілігінің сынға түсетін кезеңі деп қарады. Бастапқы кезеңдері қиын болды, вербалды тест оңай болғанымен, математикалық тест күнде шешіп жүрмегендіктен, қиынға соқты. Келесі кезеңдерде дайындықты күшейтіп, өзімізді жан-жақты көрсетуге тырыстық. Кей сынақтар ойын түрінде өтті, ақпараттық жоба қорғадық. Әрбір тапсырған тестіміздің бейнекамераға жазылуы да іріктеудің ашықтығын, әділдігін көрсетті. Осылайша, үміткерлер әрбір кезеңде өзін түрлі қырынан көрсете алды.