Қоғам • 26 Желтоқсан, 2019

Ұлттық кеңес мүшелері не дейді?

382 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында айтылған ойлар, ұсыныс-пікірлер халық арасында көптеп қолдау тауып жатыр. Қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен белсенділер ел саясатындағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып, мемлекет дамуының басым бағдарын айқындайтын шешімдерді құп көретінін жеткізуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен құрылған Кеңестің мемлекеттік органдармен бірлесіп атқарған жұмыстарына халықтың берер бағасы жоғары. Осы орайда бүгін біз Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында қозғалған мәселелер жөнінде бірқатар азаматтың ой-пікірлерін ұсынып отырмыз.

Ұлттық кеңес мүшелері не дейді?

Адам құқықтарын қорғайтын қадам

Жеміс ТҰРМАҒАМБЕТОВА,

 «Адам құқығы хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің бірінші отырысынан кейін Кеңес мүшелері үш топқа бөліндік. Заңнамалық мәселелер мен құқыққа қатысты топ болмағандықтан, мен саяси реформалар бойынша топтың құрамына қосылдым. Топтар өз жұмысын бастамас бұрын Мемлекет басшысы бейбіт митинг өткізу бо­йынша идеяларымен бөліскен еді. Бүгінде жұмыс нәтижесі көрініп, қандай өзгерістердің енгізілетіні нақтыланып отыр. 

Митинг өткізуге байланысты өзгерістер көпті қуантқаны белгілі. Бірақ ең алдымен, екі тараптың да міндеттерін нақтылау керек. Митинг ұйымдастырушылар ғана емес, құқық қорғау ұйымдарының да атқаратын қызметтері бар. Олар­ды алдын ала белгілеп, ережеге енгізу қажет. Бұл жағдайда ме­нің «келісім полициясы» бойын­ша ұсынысым іске жарайды деп сене­мін. Менің ойымша, ережелерді басынан жазған дұрыс болады.

Екіншіден, саяси модернизация тұрғысынан қарасақ, партияны тіркеу үшін партия мүшелерінің санын азайту да жақсы шешім деп білемін. Бұл, әлбетте, елімізде саяси партиялардың санын айтарлықтай өсіреді деуге келмейді. Алайда жаңа партия құрамын дегендерге жақсы мүмкіндік болмақ. Бұл жерде де нақты ережелер, жаңа заң дайындалуы қажет. Ал «Сайлау туралы» Заңға өзгерту енгізуді қолдаймын. Ендігі кезекте тек партия мен бір­лес­тіктердің атынан емес, жеке тұл­ғалардың да сайлауға қатысуына мүмкіндік беру дұрыс шешім деп есептеймін. Бұл пропорционалды-мажоритарлы жүйеге алып келеді. Жастар мен әйелдердің саясатқа араласуына да мүмкіндік ашылмақ. Депутат корпусындағы әйелдер мен жастар санын 30 пайызға жеткізу де қуантты. Бұл айтылған өзгерістердің барлығына импульс қажет, жаңа заңдар қабылдануы керек. Ұлттық кеңестің мүшелері қабылданған заңдарға өзгеріс енгізуді мемлекеттік органдардың қолына беріп қоймай, жұмыс топтарына қосылуы керек, басы-қасында жүруі шарт.

Өлім жазасын алып тастау да еліміздің демократияны қолдай­тынын, демократиялық мемлекет екенімізді көрсетеді деп ойлаймын.

30 қазанда Президентпен кез­дес­кенімде құқық қорғау ұйым­дарындағы әріптестеріммен дайын­даған ұсыныстарымызды табыс­тадым. Сол ұсыныстардың біразы қа­былданып отыр. Атап айтар болсам, шеру, саяси партиялар туралы ойларымыз ескерілген. Бұл өзгерістер қабылданғаннан кейін алдыңғы қатарлы демократиялық мемлекеттердің бірі боламыз деп сенемін. Бұл да адам құқықтарының қорғалуына, саяси өзгерістерге қатысты жасалған қадам деп ойлаймын.

 

Қоғамның талап-тілегі ескеріледі

Алуа ЖОЛДЫБАЛИНА,

ҚСЗИ Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы:

– Ұлттық кеңестің екінші оты­рысы мен бірінші отырыс арасын­дағы уақыт қысқа болса да әрбір жұ­мыс тобы өз бағыттары бойынша ұсыныстарын берген. Сол ұсыныс­тардың басым бөлігі реформалардың қатарына кірген. Яғни, бұл жұмыс осымен тоқтап қалмай, жалғасын табады дегенді білдіреді. Президент бірқатар тапсырма беру арқылы қоғамның талап-тілектерін ескеріп отырғанын көрсетті.

Саяси жүйеде «мүдделердің артикуляциясы», «мүдделердің агрегациясы» деген түсінік бар. Яғни, саяси жүйе өзін қоршаған қоғамнан әртүрлі импульс – талап-тілектер алады. Оның бәрі жиналып мүдделердің артикуляциясына айналады. Мысалы, Президенттің айтқан тапсырмалары, ұсыныстары қоғамдағы әлеуметтік топтардың, қоғамдық ұйымдардың, азаматтық қоғам секторының мүддесін ескергенін көрсетеді.

Президент саяси жаңғыруға көбірек тоқталды. Бұл – алғашқы нәтиже ғана. Әлеуметтік сала бо­йынша айтар болсақ, көп балалы отбасыларға төлемақы кіріске байланысты емес, баланың санына байланысты беріледі. Бұл билік­тің атаулы әлеуметтік көмек бо­йынша кеткен олқылықтардан ой түй­ген­діктерін, ұстанымдарын көр­се­тіп отыр. Кез келген енгізіл­ген жаңғырту әрі қарай өзгереді, жаңарады. Себебі билік те кеткен олқы­лықтан қорытынды шығара­тынын, әрі қарай жұмыс істеуге да­йын екенін көрсетіп отыр. Үкіметке атқарушы билік ретінде көп міндет, жауапкершілік жүктеледі. Барлық реформаларды дайындаған кезде заңнама әзірлеп, іс-шараларды қамтып, бюджетке өзгеріс енгізу керек. Мұның бәрі Үкіметке үлкен міндет артылады дегенді білдіреді.

 

Партиялардың бәсекелестігін күшейтеді

Марат СӘРСЕМБАЕВ,

заң ғылымдарының докторы, профессор:

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пар­­­тия­ларды тіркеу үшін оның мүшелері санының төмен­гі шегін екі есеге, яғни 40 мың­нан 20 мың адамға дейін азайту ұсынысын толық қолдай­мын. Саяси партиялар елдегі түйт­кілді мәселелерді түбегейлі шешуге түрткі болуы тиіс. Сон­­­дықтан бұл ұсыныс ең ал­ды­­мен отандастарымыздың саяси белсенділігін арттырып, аза­­маттық көзқарасын қалып­тас­тыруға жол ашады.

Әрине елімізде халықтың барын бағамдап, жоғын жоқ­тап жүрген партиялар аз емес. Дейтұрғанмен олар­дың саны әлі де арта түсуі қа­­жет деп есеп­теймін. Неге? Себебі азамат­тардың пікір­лері саяси тұрғыда болсын, экономикалық салаға қатысты болсын, ең бастысы, партия арқылы айтылса – пайдасы анағұрлым көп болар еді. Сол себепті де саяси партиялар саны көп болғаны тиімді.

Саяси партия коммер­ция­­лық ұйым, не болмаса жеке ұжым емес. Ірі саяси қоз­­ғау­­шы күш болып саналатын пар­тия­ның күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндігі зор. Пар­тия­ның миссиясы да – осы! Өзге ұйым­дар мен ұжым­дар­дың ба­ғыт-бағдары – бас­қа. Сол себеп­ті де саяси партия­лар­­дың саны не­ғұр­лым көп бол­ғаны игі. Бұл – бір.

Екіншіден, партия қатарына сайланатын азаматтар тізімінде әйелдер мен жастар үшін мін­детті 30 пайыздық квотаны ен­гізу де оң қадам болмақ. Пар­­­ламентте, мемлекеттік, жер­гі­лікті атқарушы органдарда бол­­сын, әйел азаматтардың са­нын арттыруға ден қою қажет. Олардың да мүдделері ес­к­еру­сіз қалмауы тиіс.

Солай бола тұра 30 пайыз­дық квотаны енгізу керек екен деп, жаппай тағайындау жүр­­гізілмегені жөн. Іріктеу мәсе­ле­сін де ұмытпау қажет. Сан да, сапа да маңызды. Сол ар­қы­лы әйелдердің де мүддесі ес­ке­ріледі, қоғамдық түйткілді мә­селелер де оң шешімін табады.

Орталық сайлау комиссия­сында қызмет еткен кезімде әріп­тес әйел азаматтар көп бол­ды. Олардың мемлекеттік қыз­меттегі атқарған істерін күні бүгінге дейін ауыз толтырып айта аламын. Сондықтан дұрыс іріктеу жүргізіліп, сапа жағына мән беретін болсақ, мемлекеттің даму мәселесі де бағытынан жаңылыспайды.

Бірер жыл бұрын Қызыл­орда, Ақтау аймақтарында болып, жастармен әңгімелестім. Сондағы түйгенім – елімізде саяси сауатты, ұйымдастыру қа­бі­леті жоғары жастар көп. Ондай жастарға қолдау көр­сетіп, дамуына даңғыл жол сала білсек, олардың елге сіңі­рер еңбегі мен берер пайдасы да зор болмақ. Оларды қоғам­дық-саяси жұмыстарға тартып, көмек көрсету бағытында жұ­мыс атқарылуы керек. Мұ­ны мемлекетімізде белсенді жас­тар­дың көп екендігіне көз жет­кізіп барып айтып отырмын.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында заң шығару органындағы саяси азшылықтың құқығын бекітетін заңнамалық норма енгізілуі, тиісінше, түрлі партия өкілдерінің Парламенттегі кей­бір комитеттерді бас­қаруы­на мүмкіндік беретіні ту­ра­лы да айтылды. Бұл да осы күнгі өзекті мәселенің бірі. Парламентте болсын, жергі­лікті органдарда болсын, түрлі партия өкілдері санының арта түсуі – мемлекет дамуы үшін аса пайдалы болмақ. Олар өзге партия өкілдерінің назарынан тыс қалып жатқан өзекті мәселелерді көтеріп, ор­таға орамды ой тастайды, тың идеяларымен бөліседі.

Түптеп келгенде, тіркеу үшін партия мүшелері саны­ның төменгі шегін екі есеге азайту, партия қатарына сайла­натын азаматтар тізімінде әйел­дер мен жастар үшін мін­детті 30 пайыздық квотаны, заң шығару органындағы сая­си азшылықтың құқығын бекі­те­тін заңнамалық норманы ен­гізу мәселелері – отандас­та­ры­мыздың белсенді­лігін арт­тыруға серпін болады деп сенемін.