Қоғам • 26 Желтоқсан, 2019

Мұғалімнің методикалық сандығы – Ұстаздар ұстаханасында «Жыл оқытушысы-2019» аяқталды

400 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл аяғында Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жаратылыстану және география институтының «Жыл оқытушысы-2019» байқауы да мәреге жетті.

Мұғалімнің методикалық сандығы – Ұстаздар ұстаханасында «Жыл оқытушысы-2019» аяқталды

– Бүгінгі қоғам мұғалімдерге үлкен міндеттер жүктеп отыр. Ол пән мұғалімі ғана емес, бала­ның болашағына бағдаршы бола алатын тұлғаға айналуы кере­гін уақыттың өзі дәлелдеуде. Осы тұрғыдан келгенде, универ­си­теттің 2025 жылға дейінгі даму стратегиясында нақты көр­­­­се­тілгендей, еліміздегі тұң­ғыш педагогикалық университет – мықты педагог мамандарды дайындайтын  ұстаханаға ай­налу керек делінген. Осы стра­тегиялық бағытты негізге ала отырып, ұлы ақын Абай Құнан­байұлының атын иеленіп отырған педагогикалық университет болғандықтан, мұндай шаралардың ұйымдастырылуы заңдылық. Бұл – бүгін институт көлемінде өтіп жатса, болашақта университет, республикалық деңгейде өткізсек деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар осындай байқаулар арқылы ұстаздардың бәсекелестігін арттыруды мақсат тұтып отырмыз. Бәсекелестік бар жерде сапа бар, сапа бар жерде білім бар. Біз қоғамға білімді, заман талабына сай, үш тілді қатар меңгерген педагог мамандарды даярлауымыз қажет. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бұл жай сабақтар емес, заман талабына сай, жаңа технологияға, жаңартылған бағ­дарламаға негізделген сабақ өт­кізу керек болды, – дейді Жара­тылыстану және география инс­титуты директорының оқу істері жөніндегі орынбасары Ләззат Демеуова.

Ал байқауға қатысушылар осы талаптарды орындауға тырысып бақты. Шеберлік дәрістеріне бейжай қарамай, бір-бірінен үйренді, тәжірибе алмасты, осал жерлерін байқады. Әділқазылар алқасына институттың ғылыми жұмыс және халықаралық ынты­мақтастық жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева жетекшілік етті.

 Сарапшы ретінде басқа инс­титуттардың тәжірибелі про­фессор-оқытушылары – филология ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлжиян Ша­харман, филология ғылым­дарының докторы, профессор Райгүл Рахметова, педагогика ғылымдарының кандидаты Бағдат Қосанов, педагогика ғылымдарының кандидаты Есен­­гелді Тұяқов сияқты ұстаз ға­лымдар қатысып, өз ойлары­мен бөлісті. Сонымен бірге кон­курсқа қаты­сушылар «порт­­фолио» да­йын­дап, яғ­ни өз­дерінің мето­дикалық ка­би­нет­терінің «сан­дығын» ашты. Яғ­ни, портфолио – бұл ұстаздың барлық еңбегінің жиынтығы, нәтижесі десе болады. Сонымен байқауда ұстаздар өздері туралы мәлімет бере отырып, са­бақ­та қандай технология­ны, әдістемені пайдаланатыны ту­­ралы баяндады. Сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеуде қан­дай тың жұмыстар атқарып отыр­ғандарымен бөлісті. Ұстаз­дар­дың  сөзге шешендігі, сөзінің жүйелігі, баланы баурап алу қ­асиеті, ойын жеткізе білуі  де сынға түсті. Оқытушылар Абай­дың қара сөздерін, өлеңін оқып, әнін салып, өнерлі екен­діктерін де байқатты.

Қорыта келгенде, бірінші орынды химия ғылымдарының кандидаты Айманкүл Мейір­манова, екінші орынды химия ғылымдарының кандидаты Динара Қасымбекова, үшінші орынды педагогика ғылымдарының кандидаты Зуль­фия Өнербаева иеленді. Жүл­делі болған ұстаздар қар­жылай сыйлықтар мен серти­фикаттарға ие болды.

 

АЛМАТЫ