Қазіргі уақытта елорданың 700-ге жуық тұрғыны қоғамдық тәртіпті күзетуді қамтамасыз етуге көмек көрсетеді. Олардың қатарында қоғамдық кеңестер, кәсіпорындармен мекемелердің қызметкерлерінен құрылған отрядтар, студенттер жасағы, консьерждер және халықты жұмыспен қамтамасыз ету орталығының қоғамдық көмекшілер жасағы, ішкі істер органдарының ардагерлері бар.
Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлеріне үкіметтік емес ұйымдардың, жеке күзет құрылымдарының қызметкерлері, ПИК қызметкерлері де көмек көрсетеді. Нұр-Сұлтан қаласы ПД бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, жыл басынан 500-ге жуық қоғамдық көмекші ақшалай сыйақымен марапатталды.
«Бізде ерекше көзге түскен, яғни құқықбұзушылықтардың жолын кесумен қатар қылмыстарды ашуға да көмегін тигізген, сондай-ақ, құқықтық тәртіпті нығайтуға жәрдемдесіп, полиция қызметкерлерінің оңай емес жұмысына өз үлестерін қосқан азаматтарға ақшалай сыйақы беру қаралған. Жыл басынан бері біздің 500-ге жуық қоғамдық көмекшілеріміз 10 млн теңгеден астам ақшалай сыйақымен марапатталды, бұған қоса мадақтама қағаздары, бағалы сыйлықтар және алғыс хаттармен марапаттау көзделген», - деді ол.
Қоғамдық көмекшілердің берген ақпараттарының көмегімен ағымдағы жылы 8 қылмыс ашылып, 2000-ға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. 2019 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша 105 қоғамдық көмекші жалпы саны 2,5 млн.нан астам ақшалай сыйақыға ие болды.