Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан байқауға биыл еліміздің әр өңірінен 27 үміткер қатысып, олардан газет және сайт, телевизия беттерінде жарық көрген 118 жұмыс келіп түсті, қазақ тілінде жұмыс ұсынған журналистер саны - 15, орыс тілінде жұмыс ұсынған журналистер саны – 12.
Қазылар алқасының шешімімен жылына бір рет үш жеңімпазға тапсырылатын сыйлыққа «Қазақ спорты» газетінің тілшісі Оңдасын Елубай «Үздік баспа жарияланымы» номинациясында үздік шықса, «Костанайский спорт» газетінің журналисі Сергей Биркле орыс тілінде жарияланған «Үздік баспа жарияланымы» номинациясында үздік атанды, «Үздік телевизиялық жұмыс» номинациясында Qazsport арнасының тілшісі Тимур Сүлейменовтің жұмысы лайықты деп танылды.
Спорт журналистерінің үздігін анықтау Қыдырбек Рысбек, Дүрәлі Дүйсебай, Бекен Қайратұлы, Қанат Базылхан, Нұрғазы Сасаев секілді журналистика саласының майталмандарына тапсырылды.
Жеңімпаздар «Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты» арнайы төсбелгісімен марапатталып, диплом мен ақшалай сыйлыққа ие болады. Үздіктер келесі жылы С.Бердіқұлов атындағы журналистер арасында өтетін футбол турнирінде арнайы марапатталатын болады.