Бұл деректер Түркістан қаласында «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында өткен «Батыр ана» көпбалалы іскер әйелдер форумында мәлім етілді. Көпбалалы аналардың мәртебесін көтеру, олардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету мақсатындағы форумға облыстың аудан, қалаларында кәсіпкерлік және өзге де салаларда жемісті еңбек етіп жүрген аналар қатысып, тәжірибелерімен бөлісті. «Форумға көпбалалы аналарымызды арнайы шақырып отырмыз. Көпбалалы және іскер әйелдердің кәсіпкерлікпен шұғылдануы үшін қандай қолдаулар бар? Осы мәселелер төңірегінде ой қозғап, облыс көлемінде кәсіпкер-аналарымыздың атқарып жатқан жұмыстарын саралап, көпшілік қауымға насихаттауды мақсат етіп отырмыз», – дейді «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
Кәсіпкерлерге көрсетілетін жеңілдіктер жөнінде кеңінен баяндаған «Атамекен» ҰКП Түркістан облыстық филиалының директоры Дінмұхаммед Абсаттаровтың айтуынша, 2019 жылдың ішінде «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары аясында облыс бойынша 3345 әйел білім алған. «Еңбек» бағдарламасы аясында 3 мыңнан астам әйел жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған 1,5 млрд теңге көлеміндегі гранттарды иеленген. «Биыл «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бизнес кеңесші» компоненті бойынша 731 әйел білім алды. 200-ге жуық әйел 680 млн теңге. көлемінде қаржыландырылды. Кәсібін ашамын дейтін ардақты аналарға көмектесуге әрқашан дайынбыз», – деді Д. Абсаттаров. Ал «Ырыс» микроқаржы ұйымының директоры Данияр Арынғазин «Көпбалалы ана» бағдарламасы бойынша 13 көпбалалы анаға 2 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие берілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ жиында 9 баланың анасы түркістандық Жанат Еринбетова демографияға үлес қоса отыра жұмыс істеуге де уақыт табуға болатынын жеткізді. Он төрт адамды жұмыспен қамтып отырған сайрамдық көпбалалы ана Шахтыкүл Бегзатова да замандастарын кәсіпкерлікпен шұғылдануға шақырды.
Форум аясында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы мен «Қазақстанның іскер әйелдері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы арасында партиялық жобаларды жүзеге асыру және көпбалалы әйелдерге қолдау көрсету жөнінде меморандумға қол қойылды.