Парламент • 26 Желтоқсан, 2019

Заңнамаға газбен жабдықтау және теміржол көлігі мәселелері бойынша түзетулер қабылданды

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат отырысында заңнамаға жер қойнауын пайдалану, газ және газбен жабдықтау мәселелері жөніндегі түзетулер екінші оқылымда қаралды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Заңнамаға газбен жабдықтау және теміржол көлігі мәселелері бойынша түзетулер қабылданды

Баяндама жасаған сенатор Манап Көбенов заң жобасы экономикаға инвестиция тартуға және қосымша құны жоғары әрі айтарлықтай мультипликативті әсері бар мұнай-химия өндірісін дамытуға арналғанын атап өтті. Бұл ретте газбен ішкі нарықты үздіксіз жабдықтауды, сондай-ақ газ бағасының тұрақты деңгейін қамтамасыз ету үшін жаңа стратегиялық маңызды инвестициялық жобаларға тауарлық газдың шекті бағасы заң жобасы аясында газ жеткізудің өзіндік құны мен газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператордың («ҚазТрансГаз»АҚ) ең төменгі тиімділік нормасынан қалыптасатын болады.

Электр энергиясын өндіруге отын ретінде тауарлық газды пайдаланатын электр станцияларын салуға инвестициялар тарту үшін газға ұзақ мерзімді кезеңге (он жылға дейін) қолайлы баға белгілеу ұсынылады.

Одан басқа, көмірсутегілер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге аукцион өткізу тетігіне өзгерістер енгізіледі. Заң жобасын қабылдағаннан кейін оператор аукциондарды электрондық сипатта жүргізеді. Аукцион жеңімпазын тану жөніндегі функциялар комиссияда сақталады. Сондай-ақ электрондық аукциондар операторының қызметі реттеледі.

Сенаторлар жер қойнауын пайдалану, газ және газбен жабдықтау мәселелері бойынша заңнамаға түзетулерді екінші оқылымда қарап, қабылдады.

Сенаторлар сондай-ақ темір жол көлігі мәселелері жөніндегі заңнамаға түзетулерді де қабылдады.

Сенатор Ерік Сұлтанов өз баяндамасында заң жобасымен нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту жөніндегі тариф белгілеу ашықтығын жетілдіру және арттыру, кірме жолдарды субсидиялау және қызметтерін пайдаланушылар құқықтарын қорғау бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттіктері толықтырылатынын атап өтті.

Құжатта жол жүру құжаттарын қайта сату және теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігінің қамтамасыз етілмегені үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту көзделген.