Қазақстан • 26 Желтоқсан, 2019

Алматыда «АББ ең озық пациенті» І республикалық байқауы мәреге жетті

376 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған «Ауруларды басқару бағдарламасының ең озық пациенті» атты бірінші республикалық конкурсының қорытындысы шығарылды.

Алматыда «АББ ең озық пациенті» І республикалық байқауы мәреге жетті

Алдымен «АББ озық пациенті» конкурсы еліміздің барлық аймақтарында екі ай ішінде аудандық, қалалық және облыстық деңгейлерде өткізілгендігін еске сала кету керек.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрайымы Роза Қуанышбекова Қазақстанда 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқандығын атай келе: «Денсаулық сақтау министрлігі АББ енгізуде ұйымдастыру-әдістемелік басшылықты біздің институтқа жүктеді. Бағдарламаға: артериялық гипертензия, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, қант диабеті, өкпенің созылмалы обструктивтік ауруы кіреді. Оны енгізу емханаларда жүктеме мен кезектілікті, стационарлық және жедел медициналық көмекке қажеттілікті азайтуға, сондай-ақ өзіне өзі көмек беруді қолдану жолымен пациенттің өзінің денсаулығына деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған», – дейді.

Институт басшысының айтуынша, аймақтарда АББ жүзеге асыру жоғары нәтиже көрсетті: АББ енгізілген пациенттердің тобында шұғыл ауырғандар саны азайды, барлық қатысушылардың денсаулық көрсеткіштері жақсарды. Негізгі артықшылығы: дәрігер мен пациент серіктес болды. «Осыған байланысты, Бағдарламаны көпшілікке тарату мақсатында біз конкурс өткізуді шештік, бүгін біз олардың ішіндегі ең озықтарын марапаттадық, олар – Ирина Воробьева (Батыс Қазақстан облысы, Орал қ. №1 қалалық емханасының пациенті) және Серік Меңдібай (Жамбыл облысы,Талас аудандық емханасының пациенті)», – деп атап өтті.

Республикалық конкурстың жеңімпазы Серік Меңдібай өз денсаулығына деген көзқарасының өзгергендігі, өмір сүру салтын толықтай қайта қарастырғандығы, дұрыс тамақтануға, спортқа көп көңіл бөлгендігі және осыдан кейін оның денсаулығының қалпына келгендігі туралы айтады.

«Оқжетпес» «Алматы» ЕСК АҚ филиалы директорының емдеу-сауықтыру жұмыстар жөніндегі орынбасары Салтанат Бейсембаева, оңалту қызметін ұсынатын ұйым ретінде Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ ұйымдастырған «Ауруларды басқару бағдарламасы бойынша ең жақсы пациент» атты алғашқы Республикалық байқауын қолдауға шешім қабылдап, 2 жеңімпазға шипажайға жолдама бөлгендерін атады.

«Осындай озық пациент конкурсын өткізу қажет, өйткені пациенттер тәртіптілік көрсетіп, өз денсаулығына жауапты болатындығын түсінеді, медицина қызметкерлерімен серіктес болып, бұл ретте денсаулықтары жақсарып, дұрыс тамақтанып, дене қимылымен айналыса бастайды. Алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгереді, денсаулығы нашарлаған кезде өзіне өзі қалай көмек беретіндігі мен асқынуларды қалай болдырмау жөнінде білім алады. Оқуға, емделуге деген позитивті ойлау жақсы нәтижелерге әкеледі», – деп атап өтті.

АББ озық пациенттеріне сертификаттар мен Президент Іс Басқармасының Медициналық орталығының «Алматы» шипажайына жолдама берілді.

«Ауруларды басқару бағдарламасының ең озық пациенті» атты бірінші республикалық конкурсының жеңімпаздарын құттықтау салтанатына сонымен қатар пациенттерді емдеген дәрігерлер мен мейіргерлер, АББ үйлестірушілері де келді. Олар Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен және «Алтын дәрігер» төсбелгісімен марапатталды.