Салтанатты шара барысында ғимараттың лентасын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның мониторинг және несиелік әкімшілендіру саласы бойынша басқарушы директоры Бағлан Құлтаев пен корпорацияның Түркістан облыстық филиалының директоры Файзулла Байдуллаев және «Бәйдібек-Несие» несие серіктестігінің Бас директоры Жазылбек Шардарбеков қиды.
Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, бұған дейін Түркістан облысы мен Шымкент қаласының шаруаларына үшінші мегаполистегі бір филиал қызмет көрсетіп келген. Шымкент еншісін алып шыққан соң өңірдегі шаруаларға ыңғайлы болуы үшін жаңа ғимарат облыс орталығы Түркістан қаласында пайдалануға беріліп отыр. Өйткені өңір орталығына өзге де құжаттарымен келетін қарапайым шаруалардың бұған дейін Шымкент қаласы мен Түркістанның ортасында жүріп, көп уақыт жоғалтуына тура келіпті. Енді ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлесімді қосамын деушілер кез келген кеңесті осы ғимараттан алатын болды.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның директорлар кеңесі шаруалар ыңғайлығы үшін осындай шешім қабылдады. Біздің мақсат шаруаларға қызмет пен кәсібін дөңгелетуіне қолдау көрсету. Бұған дейін біздің облыс пен Шымкент қаласы бойынша жиырмадан астам несие серіктестігі жұмыс істеп келген болса, жаңадан ашылған филиалымызда бүгінгі күні онға жуық несие серіктестігімен тығыз байланыс орнаттық. Алдағы уақытта олардың санын арттыруды көздеп отырмыз. Несие серіктестіктері облыстың аудан, қалаларында орналасқан. Олар шаруалармен тікелей жұмыс істеп, құжаттарын толық жинап бізге жібереді. Кейін біздің «Аграрлық несие корпорациясы» талдау жүргізіп, шешім қабылдайды. Осы ретте, біз келіп түскен өтініштерді шұғыл түрде қарайтынымызды ерекше атап өткім келеді. Бұл шаруалардың неғұрлым аз уақыттың ішінде несиеге қол жеткізуіне себеп болады. Ал несиенің пайыз мөлшерлемесі бағдарлама түріне қарай әртүрлі. Жыл сайын мемлекеттен берілетін көмекті алуға ниет білдіруші шаруалар артып келеді», деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалының директоры.
Ақпарат ретінде айта кетейік, жеке қаржы институттарын тартып және аграрлық-өнеркәсіп кешені субъектілерінің құзыретін арттыра отырып, қолжетімді қаржыландыру жүйесі арқылы ауылшаруашылық саласын дамытуды мақсат тұтқан «Аграрлық несие корпорациясының» Түркістан облысынан бөлек еліміздің түкпір-түкпірінде 17 филиалы бар. Несие корпорациясы сегіз кредиттеу бағдарламасы арқылы қызмет көрсетеді. Олар: «Ырыс», «Агротехника», «Іскер», «Сыбаға», «Қарапайым заттар экономикасы», «Агробизнес», «Кең дала», «Агроэкспорт». Аталған мемлекеттік бағдарламалар арқылы кез келген шаруаға қолдау көрсетіледі. Бастысы, талапқа сай келсе болды. Ең төменгі несие көлемі бір шаруаға 1 млн теңгеден басталып, шектеусіз бөлінеді. Несие берілерде шаруа қожалығының жағдайы, салығы, қоятын кепілі, несие алу мақсаты ескеріледі. Ал пайыз мөлшеріне келсек, әр бағдарламаның өзіндік үстемесі бар. Мәселен, «Еңбек» пен көктемгі егін жұмыстарына арналған «Кең дала» бағдарламалары арқылы шаруалар несиені 6 пайызбен алады. Ал «Сыбаға», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша 15 пайызбен несие беріледі. Оның 10 пайызын мемлекет субсидиялайтынын ескерсек, шаруалар тек 5 пайызын өтейді.
Ауыл шаруашылығын кәсіп еткендер үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алудың тағы бір ұтымды тұсы, олар бағдарлама түріне қарай алынған соманы бірден қайтармайды. 24 ай несиеден босатылады. Бұл аралықта, яғни екі жылдың әрбірінде несиенің үстеме пайызы ғана төленеді. Ерекше атап өтерлігі, «Аграрлық несие корпорациясының» көмегіне мұқтаж, бірақ қоятын кепілі жоқ шаруалардың да жағдайы ұмыт қалмаған. Мәселен, егер азамат асыл тұқымды мал сатып алып, оны көбейткісі келсе, «Аграрлық несие корпорациясы» сол алынған малды бағалай отырып, кепілге алады. Демек, алдымен қаржы беріледі, кейін кепіл құжаты ресімделеді. Бұл көптеген шаруа үшін үлкен көмек болып тұр.
Түркістан қаласына жақын маңдағы Кентау қаласында орналасқан «Ясын Несие» несие серіктестігінің 1500-ге жуық мүшесі бар. Серіктестік төрағасы Каримжон Габишовтың мәліметінше, өңірде аграрлық саланың мал мен егін шаруашалығы бағыты бойынша қолдау алуға ниет білдірушілер басым. Каримжон Бабажанұлы мұны күнгей өлкенің табиғатымен байланыстырды.
«Біздің Кентау Қаратаудың жотасында орналасқан. Малыңды жайылымға жібересің де, алаңсыз отырасың. Егін егіп, нәсіп табуға да біздің өңірдің ауа райы ыңғайлы. Еңбек етемін дейтін адамға мемлекеттен көптеген қолдау көрсетіліп келеді. Бір ғана «Аграрлық несие корпорациясының» тиімді тұстары өте көп. Бұл еліміздің қарапайым шаруаларға көрсетіп отырған үлкен демеуі деп білемін», деді Каримжон Габишов.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында Аграрлық несие корпорациясы арқылы берілген несие саны бойынша «Іскер» бағдарламасы көш бастап тұр. Ал берілген несие көлемі жағынан «Агробизнес» бағдарламасы алдыңғы орында. «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы берілетін қолдау түрі де кеңінен танылып келеді. Ерекше атап өтерлігі, еліміз бойынша Түркістан облысы аграрлық саласы дамыған өңірлердің көшін бастап тұр. Мұнда әсіресе ауыл мен егін шаруашылығы айтарлықтай ерекше және шаруа саны жағы да көп. Бұл ретте «Аграрлық несие корпорациясы» олардың қатары артып, шаруалардың кәсібін кеңейтуіне септігін тигізіп келеді.
Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ