Хоккей • 27 Желтоқсан, 2019

Шайбалы хоккей: Қазақстан құрамасы Швейцариядан ұтылды

238 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шайбалы хоккейден Чехияда өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігінің тұсаукесер кездесуінде Қазақстан құрамасы Швейцарияға есе жіберді.

Шайбалы хоккей: Қазақстан құрамасы Швейцариядан ұтылды

Тршинеце қаласында өткен бәсекені жерлестеріміз жап-жақсы бастаған еді. Алғашқы екі кезеңнің нәтижесі бойынша швейцариялықтар екі мәрте алға шыққанымен, біздің жігіттер есепті теңестірді. Осылайша, ұзаққа дейін таразы басы теңселіп тұрды. Алайда соңғы кезеңде қарсыластар командасы екі рет нысананы дәл көздеп, жеңіске жетті. Есеп – 5:3. Қазақстан құрамасы сапында Максим Мусоров дубль авторы атанса, Руслан Демин бір гол соқты.

Жерлестеріміз бүгін Словакия құрамасымен күш сынасады.  Одан кейінгі күндері Финлияндия мен Швеция хоккейшілерімен шеберлік байқасамыз.

Ал «В» тобындағы бәсекелер АҚШ, Ресей, Канада, Чехия және Германия командалары арасында өтеді. Ширек финалға жолдама алған құрамалар жарысты жаңа жылдан кейін жалғастырса, жүлдегерлер мен жеңімпаздар 5 қаңтарда анықталады.