Қазақстан • 27 Желтоқсан, 2019

Елордада Волонтерлер жылына қойылған жоспар талқыланды

370 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде жастар жылының қорытындысы жарияланып, алдағы Волонтерлер жылында атқарылатын іс-шаралар жоспары талқыланды. Жиын барысында Қазақстан Медицина Жастары республикалық жастар ұйымының жетекшісі Абылай Әбдіраш алдағы жылға дайындық барысын мәлімдеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елордада Волонтерлер жылына қойылған жоспар талқыланды

Қазақстан Медицина Жастары ұйымының жетекшісі сөз арасында келер жылға ұсынылып отырған жұмыс жобаларын таныстырып өтті.

«Алдағы жылға «Салауатты Нұр-Сұлтан» деп аталатын жобамызды ұсынып отырмыз. Жобаның атауы өзгеруі мүмкін. Оның басты мақсаты – қаладағы барша медициналық мекемелерге волонтерлік көмек көрсету және қаланың барша тұрғындарының, әсіресе жастардың медициналық сауатын арттыру. Қазіргі уақыттағы түйткілді мәселелердің бірі – қала тұрғындарының медициналық білімінің аздығы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенер болсақ, 10 адамның 9-ы түрлі медициналық терминдерді түсінбейді. Соның салдарынан әлеуметтік желілерде медицинаға қатысты таралған ақпараттардың рас-өтірігін айыра алмайды» деді ұйым жетекшісі.

Абылай Әбдіраш өз сөзінде жұртшылықтың медициналық білімінің аздығын былайша түсіндіріп өтті.

«Мәселен, таңертең егде жастағы адам оянғаннан кейін кеуде тұсының ауырып тұрғанын сезінер болса, сәлден кейін қойып кететін шығар деп соңына дейін шыдап бағады. Бірақ кешке қарай жедел жәрдем көлігімен ауруханаға аттанып жатады. Сол сияқты іші ауырып жүрген адам ауырғанын уақытша басатын дәрі ішіп жүреді. Арада уақыт өткенде ол адамның ісік ауруының үшінші немесе төртінші кезеңіне қалай шалдыққанын білмей қалады. Бұл медициналық білімнің жеткіліксіздігі. Ал біз осы олқылықтың орнын толтырғымыз келеді» деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, келер жылға қойылып отырған жоспардың бірі – жұртшылықты алғашқы медициналық көмекке үйрету. Осы мақсатта Қазақстан Медицина Жастары ұйымы елордадағы білім нысандарына барып, оқушылар мен студенттерге алғашқы көмек көрсету жолдарын үйретпек.

«Қазір астанамызда 200-ге жуық медициналық волонтер бар. Оларды біз жедел жәрдем көліктеріне кезекші ретінде қосуды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыздың тағы бірі – МӘМС жүйесінің артықшылықтарын елордалықтарға дұрыс насихаттау. Сонымен қатар медициналық волонтерлердің санын арттыру жоспарымызда тұр» деп алға қойған ойларымен бөлісті.

Айта кетейік, мемлекет басшысы келер жылы студент-волонтерлердің шәкіртақысын 30 % көбейтуді тапсырған болатын.