Қазақстан • 27 Желтоқсан, 2019

Алматы: Медициналық ұйымдар ұшақ апатынан зардап шеккендерді қабылдауға дайын

146 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Алматы және Алматы облысындағы медициналық ұйымдар ұшақ апатынан зардап шеккендерді қабылдауға және азаматтарға қажетті медициналық көмек көрсетуге дайын. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Алматы облысындағы ұшақ апаты кезінде қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы: Медициналық ұйымдар ұшақ апатынан зардап шеккендерді қабылдауға дайын

Ұшақ бортында жобамен 98 жолаушы болған, оның 5-еуі экипаж мүшесі. Алматы мен Алматы облысының Жедел медициналық жәрдем бригадалары оқиға орнына 15 минут ішінде жетті.

Апат кезінде зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету үшін 51 жедел медициналық көмек бригадасы жұмылдырылды.

Алматы облысы мен Алматы қаласындағы стационарларлар зардап шеккендерге көмек көрсетеді.

Алдын ала мәлімет бойынша 8 адам оқиға орнында қаза тапты, 2 адам тасымалдау кезінде көз жұмды, 2 адам ауыр жарақат салдарынан ауруханада қайтыс болды.

Алматы қаласындағы ауруханаларға зардап шеккен 53 адам жатқызылды, оның 9-ы бала.

Сағат 12.50-дегі мәлімет бойынша, дәрігерлер 10 адамның жағдайы өте ауыр деп бағалауда. Пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін қажетті ресурстар жеткілікті және республикалық орталықтардан мамандар шақырылды.

Айта кету керек, зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде шұғыл қан тапсырудың қажеті жоқ.

Қазір Нұр-Сұлтан қаласынан санитарлық авиация бортымен Ұлттық нейрохирургия орталығы мен травматология ҒЗИ мамандары жолға шықты.

Алматы және Алматы облысының медициналық ұйымдары зардап шеккендерді қабылдауға, барлық қажетті медициналық көмек көрсетуге дайын.

Медициналық ұйымдар толық дәрі-дәрмектермен және қан компоненттерімен қамтамасыз етілген.

Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларымен 40 психолог жұмыс істеуде.