Аймақтар • 27 Желтоқсан, 2019

Маңғыстауда түйелердің ауруына қатысты брифинг өтті

355 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Маңғыстау облысы «Қоғамдық Коммуникация Орталығында» өткен брифинг барысында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов мәлім етті.

Маңғыстауда түйелердің ауруына қатысты брифинг өтті

2019 жылдың күз айларынан бері облыста диагнозы әзірге белгісіз аурумен 1139 түйе ауырған, 1112 түйе емделіп сауыққан, 27 бас түйеге қазір ветеринариялық көмек көрсетілуде. Айта кетейік, ірі қараның өлімі тіркелген жоқ.

-Жұқпалы аурудан түйенің ауыз қуысы, еріндері мен мұрыны қабынып, малдың шөп жеуі, су ішуі қиындап, мал жүдеген. Антибиотиктермен уақтылы емделген түйелер 1 аптаның ішінде толықтай сауығып кетеді, дейді Ауыл шаруашылық министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Қуанышкерей Мырзатов. 

Жұқпалы аурудың диагнозы ветеринариялық диагностикалық зертхананың қорытындысы негізінде ғана белгілі болады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасы диагностикалық орталыққа барлығы 70 бастай түйеден сынамалар алынып, тескеруден өткізілген. Облысқа 3 рет орталықтың эксперт мамандары шақыртылып, мониторинг жүргізілген. Диагностикалық мекемелердің қорытындыларына сәйкес, зерттелген түйелерде аса қауіпі аурулар анықталмаған.

Желтоқсан айының басында 12 түйеден алынған материалдар еліміздің 3 түрлі тәуелсіз ветеринариялық ғылыми-зерттеу институттарына жолданған. Вирусологиялық зерттеулер қорытындысы әзірге шыққан жоқ, жақын аралықта болады деп күтілуде. Егер аса қауіпті жұқпалы аурулар анықталатын болса, Ветеринария саласындағы заңнамаларына сәйкес, ауруды жою жұмыстары жүргізілетін болады.

Түйе ауруына байланысты жағдай туралы Үкімет басшысы хабардар етілді, облыс әкімінің атынан Премъер-мнистрге хат жолданып,  ауыл шаруашылығы министрлігіне шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырма беру сұралған.