Парламент • 30 Желтоқсан, 2019

Елдік кепілі – елдің сенімі

377 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Баяғыдан келе жатқан тәмсіл бар. Конфуций – Құңфұдзы айтқан сөз. Бір жолы Цзы-гун есімді шәкірті Ұстаздан сұрапты: «Мемлекетті басқарудың негізі қандай?» деп. Құңфұдзы жауап қайтарыпты: «Мемлекеттің азық-түлігі жеткілікті болуы керек, қару-жарағы жеткілікті болуы керек, халық билікке сенуі керек» деп. Сонда Цзы-гун: «Қатты қиын жағдай туса, осы үшеуінің қайсысынан алдымен бас тартқан дұрыс?» деп сұрайды. «Қару-жарақтан бас тартуға болады» дейді Ұстаз. Енді Цзы-гун: «Қалған екеуінің біреуінен бас тартуға тура келсе, онда не істеу жөн?», дейді. Сонда Құңфұдзы айтады: «Азық-түліктен бас тартуға болады. Жер жаралғалы бері ешкім өлімнен қашып құтылған емес. Бірақ халықтың сенімінсіз мемлекет мемлекет болып тұра алмайды» деп.

Елдік кепілі – елдің сенімі

Барша әлеуметтік институттар сенім­ге арқа сүйейді. Адамдар да сенім­мен өмір сүргенді қалайды. Сенім­ді адам деу, сенімді ақтады деу, сенімге кірді деу қандай жақ­сы болса, сенімнен шығу, сенім­сіз атану, сенімсіздік білдіру сон­­дай жаман. Сенімнің басты шар­ты – адалдық. Адалдықтың бас­­ты шарты – адамдық. Қоғам мү­ше­­лерінің бойында адамдық көбі­­рек болған сайын қоғамда да адал­­­дық көбейе береді, адалдық кө­бей­­ген жерде адамдар да бір-бірі­­не көбірек сенеді. Бір нәрсеге, бі­реуге көзі жетіп иланушылық сезімі деп сипатталатын бұл ұғым адамдар арасындағы немесе адам­дар мен қоғам арасындағы қаты­нас­тың да сапалық өлшемі. Сон­ды­қтан да елдегі қазіргі жаңару­дың, жаң­ғырудың бір тетігі, біре­гей теті­гі ретінде Сенім алға шыға­ры­­лып отыр. Адамның қоршаған орта­ға және ақиқатқа көзқарасын, қа­рым-қатынасын анықтайтын түсі­нік ретінде сенімнің маңызы қай заманда да, қай қоғамда да бөлекше болған, ал зымырандай зау­лаған мынандай заманда, қы­мыра­н­нан аумаған мынандай қоғам­да оның мәні тіпті ерекше. Қоғамның қымыраннан аумайтыны қымыранның ашуы немесе ашымауы түйе иесінің өзі­не ғана байланысты болып тұр­мағанында. Жаһанданудың желі жұлқына соғатыны сондай, қа­ланы қойып, даланы да шарпып бара жатыр. Әлеуметтік желі­лер­дің әлемге жетуімен бірге әлеу­­метке әлімжеттігі де артып ке­ле­ді. «Құлақ бұзылса, құлық бұ­зы­лады», деп еді кешегі өткен абыз Әбіш. Сол айтқаны да келіп тұр.

Соңғы жылдарда Қазақстан қо­ғамында жұртшылықтың көңіл толмаушылық ауанының бұрын­ғы­дан көбірек білінуінің сан түрлі себебі бар. Басты себебі – та­лап­­тың өсуі. Бір кездегідей «заман ты­ныштығын берсін» деп, қанағатты қорек етіп отыратын уақыттың өткендігі, басқаша өмір сү­ретін уақыттың жеткендігі. Әйт­­­п­есе жағдай нашарлай түс­кен жоқ. Жағдай жақсарып келе­ді. Ел экономикасының жыл са­йын­­ғы үш жарым пайызбен өсуі – бұл­тарт­пайтын факті. Елба­сы­­­мыз Нұр­сұлтан Назарбаев кеше ғана, Тәуел­сіздіктің 28 жыл­ды­ғын­­­дағы құттықтау сөзінде: «Қазақ­­­стан инвестиция тарту жөні­­нен, экономикасының көле­мі бо­йын­ша Орталық Азия ел­дері­­нің дара көшбасшысы» деп анық етіп айтты. Дәл солай. Бәрі де са­лыс­тыру арқылы таны­ла­ды деген қарапайым қағи­да­ны мо­­йын­­да­маудың жөні жоқ. Ал са­­лыс­­тыра сөйлесек, бір ғана Қа­­зақ­­­станның ішкі жалпы өні­мі­­нің көлемі Орталық Азиядағы бас­­қа бауырлас төрт елдің ішкі жал­­пы өнімдерін қосқандағыдан көп екенін айтуға тура келеді. Біз­­дегі халық саны – 18 мил­лион, олар­дағы халық саны 54-55 мил­­­лион болса да солай. Бі­рақ со­­­ла­йы солай екен деп, бас­қа­лар біз­­ден әлдеқайда нашар тұ­рып жа­тыр ғой деп, қолда барға қа­на­­­ғат ететін, өзімізді өзіміз ал­дар­­­қа­та­тын, жұбататын жөніміз тағ­ы жоқ. Біздің межеміз басқа, біз­­­дің мақ­сатымыз басқа. Біздің мүм­­­­кін­­­дігіміз де басқа. Бар мәселе біз­­­дің мүмкіндігімізді ескер­ген­де жағ­дайдың бұдан гөрі жақ­­сы­­­рақ бола алатындығында. Қо­ға­м­­­ның ал­ға қарай бұдан гөрі қар­­қын­­­ды дами а­ла­тындығында. Қазір­­ше дәл со­лай бола қоймай тұрған­дығында.

Саясаттағы сабақтастықты сақ­тауды ә дегеннен серт сөзіндей ұстан­ған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ еліндегі жақ­сы­лықтарды жалғастыруды мұ­рат еткенде қоғамда отыз жыл­ға жуық уақытта орныққан озық­ты алға апаруды, осы кезеңде то­ты­ғып қалған тозықты заман кө­шінде қалдыруды алдымен ес­ке­ріп отыр. Озықтың жайы бел­гілі. Тозықтың жайы былай. Уа­қыт шіркін талай нәрсені, соның ішінде тіпті бір кездегі озықты да тоздырмай тұрмайды. Оның үстіне атқарушы биліктің дер кезінде ай­тылған құнды қағиданың өзін қасаң қалыпқа айналдырып, бір­жақтылыққа ұрынатыны, сөй­тіп бара-бара терең ойдың тонын теріс кигізіп жіберетіні тағы бар.

«Алдымен – экономика, содан кейін – саясат», деді Нұрсұл­тан Назарбаев. Бұл ұстаным егемен­діктің ең бір қиын жылдарында негізгі назарды экономика­лық ре­фор­маларға аударуға, аз қара­жат­тың өзін алдымен шаруа­шы­лық міндеттерін шешуге жұмсауға бұлжымас бағыт-бағдар сілтеді, елді тәуелсіздіктің тәуекелге толы тар жол, тайғақ кешуінен аман-есен алып өтуге мүмкіндік берді, экономика­сы қуатты мемлекетке, инвестиция үшін тартымды елге айнал­дырды, ең бастысы – қоғам өмі­рін артық саясиландырудан, демократияланғанның жөні осы екен деп далақтай беруден, дүниелік дүрмекке тым ерте еруден, іштей пісіп-жетілмеген үде­рістерді қолдан тездетуден сақтап қалды, қоғамдық тұ­рақ­тылыққа қол жеткізді. Ал қоғам­дық тұрақтылық экономика­мен алаңсыз айналысуға жағдай жа­сады. Оған дау жоқ. Бірақ Ел­басы алдымен экономикамен ай­на­лысайық, содан кейін саясатпен айналысайық деді ғой, тек экономикамен айналысайық, саясат ешқайда қашпайды, күте тұрады деген жоқ қой, саясатты екінші қа­тар­дағы нәрсе деген жоқ қой, тек жұмыстың жөнін, жолын, ре­тін айтты ғой. Өкінішке қарай, эко­номика мен саясат мемлекеттің ас­пандап көтерілуі үшін құстың қос қанатындай қажет екені, алыс­қа шабуы үшін арғымақтың қос тізгініндей керек екені барлық кезде бірдей көңілдегідей ескеріле бермегенін бүгінде көріп-сезініп келеміз. Өзгерген әлемдегі жаңа өмір экономика мен саясатты қа­тар жүргізуді талап ететін сы­ңай­­лы. Қазіргі Қазақстанның эко­но­ми­калық қуаты солай етуге мүм­кіндік жасай алатыны да анық. Со­ның өзінде де басымдық эко­но­ми­каға беріледі, әрине. «Сананы тұрмыс билейді» дегенді Маркс айтып кеткен. Біз саясаттан жа­салған экономиканың не күйге түсі­ретінін білеміз. Біз, соны­мен бірге экономикадан жасал­ған сая­­саттың қандай биікке жеткі­зетінін де білеміз.

Қоғамдық диалог пен сенім ала­ңы ретінде құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің таяудағы екінші отырысы ел өміріндегі осы жаңа саяси институттың аз уа­қыт­тың аясында айтарлықтай жұ­мыс атқарғанын, қазірдің өзінде нақ­ты нәтижелерге қол жеткізе бас­тағанын көрсетіп отыр. Консуль­тациялық-кеңесші орган болға­нымен, өздігінен ешқандай шешім қабылдамағанымен, Ұлттық кеңес қоғамдағы сан алуан пікірлер тоғы­сатын, елдегі әлеуметтік топ­тар­дың көзқарасы ортаға салы­нып, екшелетін орынға айна­лып келеді, халық үніне құлақ аса­тын мемлекеттің сипатын қа­лыптастыруға септігін тигі­зу­­ге ауысуда дей аламыз. Мем­ле­кет бас­шысының кеңес отыры­сын­дағы сөзі оның сайлауалды бағ­дар­­­ламасындағы, ел халқына Жол­­­дауындағы тұжырымдамалық ой­ларының біразы таяу уақыттың өзін­де нақты жүзеге асуы мүмкін екендігінің даусыз дәлелі.

Кейбіреуін ғана атап-атап өтейікші.

Жерді игере алатын адам ғана оның иесі болады. Пайда­ла­нылмаған жерге салынатын салық мөл­шерлемесі 20 есе өсіріледі. Жерді сот шешімімен күштеп алып қою үшін қажетті уақыт екі жылдан бір жылға шегеріледі. Жер учаскелеріне ға­рыштан мониторинг жасалады.

Бюджеттің игерілуіне халық­тық бақылау орнатылады.

Шетелдік жұмыс берушілер тарапынан өз азаматтарымызды кемс­ітудің жолы бірте-бірте болса да кесіледі. Олардың өздерімен алып келетін адамдарының квотасы қысқартылады, нақты айт­қан­да, 2019 жылғы 49 мыңнан 2020 жылы 29 мыңға азайтылады. Сон­да босайтын 20 мың жұмыс ор­ны кімге тиеді? Өзімізге тиеді. Оған қоса жұмысшы саны 250-ден аса­тын, 30-дан астам шетелдік жұ­мыс­кер тартатын кәсіпорындар тұ­рақ­ты түрде тексерілетін болады.

Атаулы әлеуметтік көмек енді көп балалы аналарға отбасы та­бы­сының көлеміне қарап емес, бала­сының санына қарап беріледі.

Митингілерді ұйымдастыруда бұрын­ғыдай рұқсат сұрау қағи­даты емес, ескерту қағидаты ор­ны­ғады. Митинг өткізу жауап­кер­шілігі бекітіледі.

Партияны тіркеу үшін жиналатын қол саны қазіргі 40 мыңнан 20 мыңға азайтылады.

Парламенттік оппозиция институты орнықтырылады. Билік ендігі жерде келіспеуді қоғамдық қауіпті құбылыс деп қарамайды.

Жала жапқаны үшін жаза Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылады.

Сонымен Қасым-Жомарт Тоқаев «Түрлі пікірлер – біртұтас ұлт» қағидатын орнықтырудың нақты қадамдарын жасай бастады. Сындарды диалог арқылы жаңа саяси мәдениеттің негізін қалып­тастыруға кірісті. Біз бұл ре­фор­малар тек реформа үшін жа­сал­майтынына, басты мақсаты даму бағытымыздан ауытқымай, оған тың серпін беру болатынына сенеміз. Мемлекет басшысы демократия билік үшін де, азаматтар үшін де бөліну мен ыдырауға емес, даму мен жасам­паздыққа қызмет етуге тиіс зор жауапкершілік деп атап айтып, қадап көрсетіп отыр.

Өтіп бара жатқан жылдағы оқи­ғалар халқымыздың саяси және құқықтық мәдениеті артқанын ай­қын айғақтап берді. Билік түбі бір ауыспай қоймайтынын біле­тін едік. Қалай болар екен, қалай жүзеге асар екен деп ойлай­тын, алаң­дайтын едік. Шүкір, бәрі жақ­сы өтті – елдігімізді көр­сет­тік. Ел­­басының таңдауы мен ел хал­қының таңдауы бір жерден шық­ты. Таңдауымыздың дұрыс­ты­ғы­на күн өткен сайын көз жетуде. Мемлекет басшысының инау­гурация рәсімі өте салысы­мен небәрі 12 күн­нен кейін Арыс жарылды. Ертеңіне қа­ла­ға суыт жеткен Тоқаев алғашқы сынақ­қа түсті. Абыроймен өтті. Қала тез арада толық қалпына кел­тірілді. Міне, жыл аяқталарда тағы бір сынақ алдан тосылды – Ал­ма­ты түбінде ұшақ апатқа ұшы­рап, адамдар құрбан болды. Біз осы жол­дарды жазып отыр­ғанда – 28 желтоқсандағы Жалпыұлттық аза тұту күнінде радио­дан азалы сарындар талып есті­ліп, теледидардан апат­қа жан ауырт­­қан қазақстандық­тар­дың күй­­зе­лісі көрсетіліп жат­ты. Осын­дай сәттерде қинала, қай­­ғы­­ра отырып, елдігімізге, бір­лігі­м­із­ге, тату тірлігімізге тәубе дей­міз. Қазақ­стандықтар бұл сала­да да тәр­тіп орнайтынына, ай­дың-күн­­нің аманындағы таң­ғы тра­ге­дия­ға кінәлілер әділ жаза­лана­ты­ны­на се­неді. Өйт­кені олар ел бас­шы­лы­­ғы­ның әділ­дікті, адал­дық­ты ту етіп ұс­тауға бекін­ген сая­са­ты­ның сали­қ­а­лылы­ғына сенеді.

Елдік кепілі – елдің сенімі.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мәжіліс депутаты