Қоғамдық қабылдау қызметінің мақсаты – «бір терезе» ұстанымы бойынша облыстың жергілікті атқарушы органдарына жүгінуге қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты ақпараттарды ұсынудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру.
Мемлекет басшысы бекіткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Даниал Ахметов аталған қоғамдық қабылдау алаңында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Сондай-ақ «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің және «Бизнес пен инвестицияны қорғау» жобасының бірлескен қызметі аясында Алик Шпекбаев облыстық жедел басқару, ақпараттық технологиялар және «INVEST IN EAST» инвестициялық кеңсесінің орталықтарымен танысты.
А.Шпекбаев пен Д.Ахметов Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-де өткен «Парасатты ұрпақ» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы студенттік форумға қатысты. Форумда қазақша күрестен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, «Әлем барысы», «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров, әлем чемпионы, Олимпиаданың қола жүлдегері Юлия Галышева, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Мейір Ескендіров, «Sanaly urpaq» белсенділері сөз сөйледі.
Форумды қорытындылай келе агенттік төрағасы Қазақстан жастары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға дайын ең белсенді және нәтижелі топ екендігін атап өтті. Сонымен қоса жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеуде отбасы институтының рөлі зор екеніне назар аударды.
Форум соңында А.Шпекбаев «Шығыс – адалдық алаңы» жобасы аясында Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжіне барды. Білім беру мекемелеріндегі парасаттылық мектептерінің мақсаты – өскелең ұрпаққа рухани құндылықтар мен жоғары адамгершілік қасиеттерді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.