Аймақтар • 30 Желтоқсан, 2019

Баянауылдағы шаңғы кешеніне «жасанды қар» жасамақ

175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірімізде қысқы туризм маусымы ашылды. Баянауылдағы Мырзашоқы тау-шаңғы кешенінің құрылысы  әлі жүргізілуде.

Баянауылдағы шаңғы кешеніне «жасанды қар» жасамақ

Суретті түсірген: Валерий Бугаев

Сонда да болса, тау баурайына қысқы серуенді, спортты сүйетін көпшілік жиналып, биылғы маусымның ашылуын атап өтті.

Құмай тазылардың көрмесі, қардан жасалған мүсіндер байқауы ұйымдастырылды.

Көпшілік арбаға жегілген иттердің жарысын да тамашалады. Жеңімпаздар ақшалай және бағалы сыйлықтарға ие болды. Тау бөктерінде ән де әуеледі. Бой жылытып, көпшілік би де биледі

Кешен аптасына алты күн таңғы 10.00-ден кешкі 17.00-ге дейін жұмыс істейді.

Кешен басқарушы компания иелігіне өткізілген. Тау етегінде және шыңында тамақтанатын, жылынатын орындар, дәретханалар салынған.

Кіреберіс жолға қиыршықтас төселді, келесі жылы асфальтталады. Сенімді басқаруға алған компания ауыл тұрғындарына жұмыс орындары ашты.

Ал, арқан жолы күніне 1500 адамды арлы-берлі тасуда.

Кәсіби шаңғышыларға 1200, 1000, 800 метрлік шаңғы жолдары жасалған. Шаңғы тебуді енді үйреніп жүргендерге жеке жол бар.

Бугельдік көтергіш те орнатылыпты. Шаңғы, сноубордтар жалға берілуде.

Ал, аудан әкімдігінің мәліметінше, Павлодар, Баянауылды Қарағандымен байланыстыратын тас жол жөнделген.

Бірақ, Мырзашоқыға апаратын 1,4 шақырым жол жөнделмеген қалпы. Демалыс үйлері де қысқы мерзімге біртіндеп көшуде.

Баянауылдықтар Мырзашоқы маңында демалыс үйлерін салатын инвесторларды күтуде.

 Сонымен қатар су құбыры келесі жылы тартылмақ.

-Су құбыры тартылса, табиғаттан тәуелділіктен арыламыз. Яғни, жасанды қар жасау мүмкін болады,- дейді мамандар.

Өйткені,  кешен ашылғалы бері Мырзашоқының басына қар түспей тұр.

Түсуі де екі талай-ау. Біз адамдар құрылыс саларда бір ойланбаймыз. Қасиетті таудың  табиғи  құдіретіне сай өзіндік бұғып жатқан  құпиясын  бүлдірмеген де  дұрыс шығар, бәлкім?!